Бала тәрбиесі – болашақ кепілі: Қарағандыда облыстық ата-аналар форумы өтті
Қарағанды қаласында өткен «Отбасы – мектеп – қоғам – мемлекет» атты ауқымды облыстық ата-аналар форумы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – бала тәрбиесін жаңа деңгейде талқылаған маңызды алаңға айналды. Өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 380-ге жуық делегат бұл басқосуда тек пікір алмасып қана қоймай, нақты ұсыныстар мен шешімдерге бағытталған ортақ диалог құрды. Форумның басты ерекшелігі – ата-ана, мектеп, қоғам және мемлекет арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған ашық әрі мазмұнды форматта өтуі болды.
Тәрбие – тал бесіктен басталатын жүйе
Форум жұмысы бір мезетте ұйымдастырылған 9 диалог алаңымен басталды. Бұл алаңдарда ата-аналар енжар тыңдаушы емес, тікелей сұрақ қойып, жауап алатын белсенді қатысушы ретінде көрінді. Прокуратура, полиция, ТЖД, СЭББ, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, психологтар мен дін саласының мамандары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, интернет қауіпсіздігі, діни сауаттылық пен психологиялық тұрақтылық мәселелері бойынша нақты кеңестер берді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім департаментінің директоры Ерлан Қалқаманов форумда сөйлеген сөзінде тәрбие жұмысының маңызына кеңінен тоқталды. Ол бұл кездесуге тек ресми өкіл ретінде емес, ең алдымен ата-ана ретінде қатысып отырғанын атап өтті.
– Бүгінгі басқосуға мен, бірінші кезекте, министрлік өкілі ретінде емес, өздеріңіз сияқты ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде келіп отырмын. Қазір жаһандану мен технологиялардың ықпалы күшейген заманда ұрпағымызды дұрыс бағытта тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет, – деді ол.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Адал азамат – Біртұтас тәрбие» бағдарламасының маңызын ерекше атап өтті. Бұл бағдарлама ел көлеміндегі тәрбие жұмысын жүйелеп, ортақ құндылықтар негізінде біріктіруге бағытталған: «Қазір барлық өңірлер үшін ортақ бағдарлама, ортақ құндылықтар мен ортақ мүдделер қалыптасты. Бұл – балалардың бойына ұлттық және адамзаттық озық құндылықтарды сіңіруге бағытталған маңызды қадам».
Жауапкершілік – баршаға ортақ
Облыстық білім басқармасы басшысы Дулат Жекебаев форумның кездейсоқ ұйымдастырылмағанын, оған бірнеше айлық дайындық жүргізілгенін атап өтті. Ақпан айынан бастап барлық қала мен аудандарда көшпелі кездесулер өткізіліп, нақты мәселелер сараланған:
«Бұл – бір күндік шара емес. Біз алдын ала өңірлерді аралап, балалардың қауіпсіздігіне әсер ететін отбасылық, психо-эмоционалдық және әлеуметтік тәуекелдерді егжей-тегжейлі талдадық. Бүгінгі форум – сол жұмыстың қорытындысы».
Оның айтуынша, бала тәрбиесі – тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан ата-ана, ұстаз және мемлекеттік құрылымдар бірлесе әрекет етуі тиіс.
Сонымен қатар ол форум аясында ұйымдастырылған мектеп формалары көрмесіне де тоқталды. Жергілікті өндірушілерді қолдау арқылы экономикалық тиімділікке қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін атап өтті:
«Өз өнімдерімізді тұтыну арқылы біз жаңа жұмыс орындарын ашамыз, бюджетке түсетін қаржыны арттырамыз және оны қайтадан білім саласына бағыттаймыз».
Ұлттық құндылық және отбасы рөлі
Форумда Аналар кеңесінің де үні айқын естілді. «Сенімен Болашақ» бірлестігі филиалының басшысы Индира Жанұзаққызы отбасы институтының маңызын ерекше атап өтті:
«Ана – шаңырақтың ұйытқысы, тәрбиенің қайнар көзі. Біздің басты мақсатымыз – жас аналарға бағыт-бағдар беріп, ұлттық тәрбиенің озық үлгілерін заман талабына сай жаңғырту».
Ол сондай-ақ қазіргі қоғамдағы бірқатар өзекті мәселеге тоқталды: жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, қыз тәрбиесі, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан «Ақ отау», «Аналар аманаты» жобаларының маңызы зор екенін жеткізді.
«Бала тәрбиесі – тек мектептің емес, бүкіл қоғамның міндеті. Сондықтан әрбір ауылда, әрбір мектепте ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Индира Жанұзаққызы.
Ата-ана мен ұстаз – бір мақсатта
Форумға қатысқан ата-аналардың пікірлері де мазмұнды болды. Солардың бірі Айнұр Топаева бала тәрбиесіне қатысты бүгінгі қоғамдағы алаңдаушылықтарды ашық жеткізді:
«Бала тәрбиесі – әрбір ата-ананың басты алаңдауы. Бүгінгі таңда тек оқу үлгерімі емес, баланың рухани дамуы, діни сауаттылығы мен әлеуметтік ортасы да ерекше назарда болуы тиіс».
Ол ата-ана мен мұғалім арасындағы байланыстың маңызын ерекше атап өтті.
– Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Сондықтан ата-ана мен ұстаз бірлесе жұмыс істесе ғана дұрыс нәтиже болады. Біз балаларымыздың кіммен араласатынын, қандай ортада өсіп жатқанын әрдайым бақылауда ұстауымыз керек, – дейді ол.
Сөзден – іске көшу
Форумның қорытындысы дәстүрлі жиын форматынан өзгеше өтті. Әкелер арасында ұйымдастырылған волейбол турнирі – отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтудың нақты үлгісі болды. Бұл шара әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Сонымен қатар шара соңында тәрбие ісіне белсене араласып жүрген 13 ата-ана облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – ата-аналардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруға берілген нақты баға.
Қарағандыда өткен бұл форум – жай ғана пікір алмасу алаңы емес, нақты әрекетке бастайтын маңызды қадам болды. Ең бастысы – ата-ана, мектеп және мемлекет арасында өзара сенім мен серіктестік нығая түсті.
Бала тәрбиесі – бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның болашағы. Ал осындай мазмұнды кездесулер сол болашақты бірлесе қалыптастырудың тиімді жолы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

