Бала саулығы басты назарда

Облысымызда балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған «Қауіпсіз терезе» атты алдын алу акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға құтқарушылармен қатар, балалармен жұмыс істейтін мекемелер де атсалысты. Сонымен қатар құрылыс компаниялары мен терезе шығаратын фирмалардың өкілдерімен кездесулер өтті. Акцияның басты мақсаты – балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу және ата-аналардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыру.

Құтқарушылардың айтуынша, кейде кішкентай балалар терезенің сыртындағы көріністі қызықтап, ашық тұрған терезеге жақындап кетеді. Ал москит торына сүйену – өте қауіпті. Ол баланың салмағына шыдамай, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар ата-аналарға арнайы терезе торларын орнатып, балаларды терезе жанында қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Сондай-ақ, балконның маңында балалардың ойнауына рұқсат беруге болмайды. Терезе алдына өрмелеп шығуға ыңғайлы жиһаздарды қоймау керек. Ал кішкентайларға терезенің қалай ашылатынын көрсетудің қажеті жоқ.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Далешовтің айтуынша, құрылыс салушылармен өткен кездесулерде бұрын пайдалануға берілген үйлерге де торлар орнату мәселесі көтерілген, және бұл ұсыныс қолдау тапқан. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 187 пәтеріне терезе қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылар орнатылған. Мұндай торлар арзан әрі дүкендерде кеңінен сатылады. Олар – бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолдарының бірі.

Облыстық білім басқармасының өкілі Алма Қаңтарбаеваның айтуынша, ата-аналармен қауіпсіздік тақырыбында жиі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мектептер мен балабақшаларда тәрбиешілер мен мұғалімдер балаларға тұрмыста кездесетін қауіптер туралы айтып, қауіпсіздік ережелерін үйретеді.

Акция барысында құтқарушылар мен білім бөлімінің қызметкерлері «Терезе – ойыншық емес!» атты интерактивті сабақтар ұйымдастырды. Сабақ кезінде балаларға терезенің қауіптілігі туралы бейнеролик көрсетіліп, қауіпсіздік ережелері ойын түрінде түсіндірілді. Ал ата-аналар мен тәрбиешілерге арнайы жадынамалар таратылып, терезе блокираторлары қалай жұмыс істейтінін мамандар көрсетіп берді.

Сонымен қатар, емханалар мен медициналық мекемелерде QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылып, тұрғындарға қажетті ақпаратты қолжетімді ету көзделді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»