БАЛҚАШ АРАЛДЫҢ КЕБІН КИЮІ МҮМКІН

Балқаш көлі аумағының 1,8 пайызға қысқарғаны анықталды. 1994 жылдан бері көлдің ахуалын тексерген Қазақстан Ғарыш Сапары ұлттық компаниясы дәл осындай байламға келген. Естеріңізге сала кетейік, Балқаштың 80 пайыз суы Іле өзенінен байиды. Алайда, өзендегі су деңгейінің төмендігінен көлдің кей жерлері көктем-күз айларында азаяды. Естеріңізге сала кетейік, биыл наурызда шетелдік БАҚ өкілдері Қытайда жерлерді игеру мен күріш алқаптарын кеңейту салдарынан көл көлемі өзгеріске ұшырай беретінін тілге тиек еткен болатын. Бірақ көрші елдің билігі бұл пікірмен келіспейді.

Алайда, шетелдік сарапшылар да жершарындағы бірегей көлдің көлемінің күн санап кері кетіп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Егер Қытай жағы Іле суының 15 пайызын алса, Балқашқа Арал теңізінің кейпін кию қауіпі бар. Қытай қазір Шыңжаң-Ұйғыр ауданына орталықтан көптеп адамдар көшіріп, онда ауыл шаруашылығын дамытып, өнеркәсіп орындарын салып жатыр. Оның бәріне су керек. Сондықтан олар қазір Іленің бойында көптеген су қоймаларын салып, қауырт жұмыс істеп жатыр. Бір кезде белгілі эколог Мәлс Елеусізов «Қазір дүние жүзінде ауа райының жылуы салдарынан біздің таулардағы мұздар қатты еріп жатыр. Соның салдарынан әзірге Балқаш суалмай тұр, әйтпесе Балқаш баяғыда-ақ екінші Арал болар еді. Бірақ таудағы мұздардың еруі де алда қауіпті мәселе, себебі екі жарым мың километр жердегі Аралдан ұшқан тұздар тау мұздықтарына шөгіп оны тез ерітіп жатқанын ғалым мамандар айтып отыр. Балқаш бес жүз шақырым жерде ғана. Біз өткен ғасырдың елуінші жылдарымен салыстырғанда тау мұздықтарының үштен бірін жоғалтыппыз. Бұдан әрі мұздықтар одан да тез ериді деген болжам бар. Егер мұздықтар еріп кетсе, Балқаш батпаққа айналып, бұл маңайда шөл болады. Халық көше бастайды»- деген болатын.

«Егер шұғыл түрде қандай да бір шара қолданбаса, бірнеше жылда Аралдың кейпін киюі әбден мүмкін», – дейді табиғат жанашырлары. Алайда ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Балқашқа құятын Іле өзенін пайдалану туралы Қытай елімен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтады. Ғалымдар бұл жұмыстың тым баяу жүргізіліп жатқанына наразы. Аумағы 18 мың гектарды алып жатқан Балқаш көлінде су көлемі 100 текше километр. Тереңдігі орташа есеппен 6 метрге жуық. Мұнда қазір 5 өзен құяды. Ғалымдардың айтуынша, соңғы жылдары Іле өзенін Қытай елі көптеп пайдалана бастаған. Бүгінгі күнге дейін көршілес мемлекет өзен бойына 40 су қоймасын салып, суармалы егістік алқаптарын 500 мың гектарға ұлғайтыпты. Тиісінше Балқашқа құятын су деңгейі азайған. Сондықтан қазір жауапты министрлік трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы екіжақты келісім жасауға күш салып жатыр. Бірақ өкінішке қарай, келісім жұмыстары тым баяу жүруде.

«Егер батыл қадам жасамаса, енді бірнеше жылдан соң бәрі кеш болуы мүмкін», – дейді осы саланы зерттеп жүрген білікті маман, тәуелсіз сарапшы Мәлік Бүрлібаев.

«Біз Қытай жағымен әлі күнге дейін келісімшартта кездесетін түрлі терминдерді біріздендіру мәселесін талқылаумен келеміз. Содан бері 5 жыл өтті, жұмыс жылжыған жоқ. Әрине, Қытай мемлекетіне бұл процесті әрі қарай соза беру тиімді екені айтпаса да түсінікті. Осылайша, уақыт өткен сайын Іленің суын сарқа береді, — дейді ғалым.

Балқаштық ғалымдар егер су деңгейі шекті мөлшерге жетсе, көлді сақтап қалудың тағы бір жолы – шағын шығанақтарды азайту екенін айтады. Бірақ мүмкіндігінше бұған жеткізбеуге күш салу керек дейді мамандар.