БАҚШАДА БАЛАҢЫЗ ҚАЛАЙ ТАМАҚТАНАДЫ?

Өсіп келе жатқан жас ағзаның денсаулығы мен дұрыс өсуіне жағдай жасап, оң әсерін тигізетін маңызды фактор – дұрыс тамақтану. Күндізгі уақытын бөбекжайда өткізетін балаңыз қалай тамақтанады? Балабақшадағы ас мәзірінде қандай тағамдар болуы тиіс?

Республикалық «Мектепке дейінгі балалық шақ» орталығы мамандарының айтуынша, баланың күнделікті азығының құрамы барынша сан алуан болғаны дұрыс. Бала ағзасына пайдалы дәрумендері бар азық-түліктерді күнделікті тамаққа қосып отырған жағдайда, онын денсаулығының мықты болары сөзсіз.

— Ас мәзірін түзгенде мектеп жасына дейінгі балалардың физиологиялық қажеттіліктері мен тағамның калориийлік құндылығын ескеру қажет. Тәрбиешілерге қойылатын басты талап – топ ішінде жағымды эмоциялық көңіл-күй мен жақсы орта қалыптастыру. Балалар үстел үстінде ыңғайлы отырып, қажетті әрі тартымды ыдыс-аяқтармен қамтамасыз етілуі керек. Оған қоса, баланың үйде пайдалы тамақтануымен үйлесім табуы керек. Осы мақсатта, ата-аналар балаларының балабақшадағы күнделікті ас мәзірінен хабардар болғандығы жөн. Балаңызды бақшаға апарар кезде, тамақтану тәртібі мен тәбетін бұзбау үшін, таңертең тамақтандырмауға кеңес береміз. Бірақ, балаңызды ертерек әкелетін болсаңыз, шай, шырын немесе жеміс беруге болады, — дейді орталық басшысы Манара Адамова.

Манара Елекновна үй тәрбиесіндегі баланың бақша тәрбиесіне өту кезеңі қашанда психологиялық қиыншылықтармен бірге ететіндігін қоса айтты. Бала неғұрлым жас болса, соғұрлым бөбекжайдағы ортаға бейімделуі қиынға түседі. Бұл жайтты «Осы тұста, көбінесе, баланың ұйқысы бұзылып, тәбеті төмендеп, жалпы ағзасының ауруларға қарсы тұратын қорғаныштық қабаты да әлсірейді. Бала үшін осы кезеңде, дұрыс тамақтандыруды ұйымдастырса, ол ортаға бейімделіп, ұжымға тез үйренеді. Өздігінен тамақтануға үйретілмеген балаларды тамақтандыру үшін тәрбиешілерге дұрыс тамақтандыру тәртібі жөнінде кеңес жүргізу керек. Ондай балаларды өз қолымен тамақтандыруға да болады. Бірақ қарсылық танытса, күштеп ас ішкізбеген дұрыс. Бұл баланың балабақшаға деген жағымсыз көзқарасын қалыптастырады» деп түсіндірді ол.

Қаламыздағы «Ақерке» бөбекжайының әдіскері Қазына Жылқыбаева бала ағзасының әртүрлі инфекцияларға қарсы тұруын ет, балық, жұмыртқа, сүт, айран, ірімшіктің құрамындағы жоғары сапалы табиғи ақуыздары қамтамасыз ететіндігін тілге тиек етті.

— Біздің мекемелер  күніне төрт рет тамақтандырады: Таңғы ас – сүт ботқалары: сұлы, күріш, қарақұмық, бидай, макарон өнімдерінен көже. Ботқалар жұмыртқа, ірімшік өнімдерімен ауыстырылып отырады. Сусын ретінде сүт қосылған кофе, какао ұсынылады. Қосымша, май, сыр бутербродтары да бар. Түскі ас: бірінші ыстық тағам — щи, борщ, көкөніс көжесі, балық сорпасы, жарма немесе макарон өнімдері қосылған көжелер; екіншіге – бұқтырылған ет, тартылған ет қосылған тағамдар; үшінші тағам – кепкен жемістерден компот. Берсін асқа сүт, сұйық йогурт, шырын, печенье, тоқаштар беріледі. Кешкі ас ретінде жеңіл азық-түліктер тұтынады. Тамақты сақтау, дайындау үдерісіне және ас үйге деген санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң түрде сақтау балалардың тамақтарын дұрыс ұйымдастыру үшін маңызды. Балабақшаға келіп түсетін барлық азық-түліктер санитарлық ережелерге сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылары бар, — деді бөбекжай әдіскері.

Аталмыш балабақшада жыл сайын меңгерушінің бұйрығымен ас мәзірі бекітіледі. Мәзір балалардың аллергиялық сырқаттары бар, артық салмақ не арықтық мәселелері, ас қорыту жүйелерінің созылмалы аурулары сынды жағдайларын ескере отырып, арнайы комиссияның бақылауымен түзіледі. Комиссия құрамында ерік білдірген ата-аналар, балабақша меңгерушісі және медбике болады. Аталмыш тұлғалар санитарлық тексерусіз бақылау жүргізе алмайды. Қазына Жылқыбаева бұған дейін мәзірінде қатысты күрделі мәселелер болмағандығын айтады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»