БАҚ өкілдері арасындағы дода
Қарағанды облысы орталығында журналистер мен медиа саласының ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерін біріктірген ерекше спорттық шара бильярд пен дойбыдан облыстық турнир дәстүрлі форматта ұйымдастырылды. Турнир Қарағанды телестудиясының тұңғыш директоры Қали Аманбаевты еске алу және Дүниежүзілік теледидар күні қарсаңында өтті.
Қали Әлібекұлы Аманбаев – Қарағанды телестудиясының негізін қалаушы, дүниежүзілік телеөндірістің дамуына зор үлес қосқан тұлға. Оның өмір жолы журналистика мен телевизия саласындағы алғашқы қадамдармен, қоғамдық ақпарат саласына адал қызметпен тығыз байланысты. Турнир ұжымды біріктіру, кәсіби қарым-қатынасты дамыту, медиа қауымдастығын нығайту мақсатында өткен жылы алғаш рет өткізілген еді, әрі бұл шара Қали Аманбаевтың 100 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылған болатын.
Шараны ашқан салтанатты бөлімде Қарағанды теледарар ардагерлер кеңесінің төрайымы Галина Балбекова мен Қали Аманбаевтың ұлы Сайран Қалиұлы қатысып, Қали Аманбаевтың өмірі мен өнегесі туралы жылы естеліктерді ортаға салды. Сонымен қатар өңірдің спорт, медиа және журналистика саласында жетекші тұлғалар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының орынбасары Дәурен Есімханов, «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Қайрат Әбілда, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы төрағасы Жәнібек Садыханов қатысушыларға сәттілік тіледі және шараны маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты сәтте «Северное Прибалхашье» газетінің бас редакторы Береке Шалова «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісімен марапатталды. Оның аймақтық журналистикаға қосқан үлесі зор деп танылды.
Жарыс екі бағыт бойынша өтті: бильярд және дойбыдан. Әрбір бағытта жарыс қатысушылары өзара шеберлігін сынады.
Дойбы жарысы
Дойбы жарысынан ерлер арасында бірінші орын «Балқаш» газетінің директоры Қуаныш Аманқұловтың еншісіне түсті. Екінші орын Мұрат Төкеновке бұйырса, үздік үштікке Әдебиет Белгібайұлы кірді. Әйелдер арасында «Ortalyq Qazaqstan» газетінің дизайнері Арайлым Көктаева жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарға Жазира Есенхан мен Мариям Ахметбек ие болды.
Бұл турнир журналистік қауымдастық ішінде спорт дәстүрін жолға қою, әріптестік рухты нығайту мен кәсіби байланыстарды тереңдету үшін маңызды алаңға айналды. Қарағандыдағы медиа саласындағы қауымдастық мүшелері үшін жарыстың форматы жыл сайын дәстүрге айналуы көзделіп отыр.
Сондай-ақ, жарыстың деңгейін болашақта республикалық ауқымға кеңейту жоспары айтылды, яғни басқа облыстардың журналистері де қатысуға шақырылады. Әсіресе, жастар арасындағы журналистердің спорттық бәсекелестігі шығармашылық ынтасын арттырып, саланың даму ішкі мәдениетін қалыптастырады деген үміт бар.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

