«Бәйтерек» балабақшасында STEM: мектепке дейінгі білімде инновациялық тәсіл
Қазіргі білім беру жүйесінде мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық тәсілдерді қолдану – уақыт талабы. Солардың бірі – STEM-білім беру жүйесі, ол ғылым (Science), технология (Technology), инженерия (Engineering) және математика (Mathematics) салаларын біріктіретін интегративті оқыту моделі болып табылады.
Балабақшада STEM тәсілі балаларды белсенді зерттеуші ретінде дамытады. Олар тәжірибе арқылы табиғат құбылыстарын, заттардың қасиеттерін, қарапайым инженерлік шешімдерді өз қолымен байқап үйренеді. Бұл олардың танымдық белсенділігін, логикалық және кеңістіктік ойлауын арттырады, топпен жұмыс істеуге, бірлесіп шешім қабылдауға үйретеді.
STEM-білім беру төрт модуль арқылы жүзеге асады:
— ғылым – табиғат құбылыстарын зерттеу арқылы ғылыми ойлауды дамыту;
— технология – интерактивті құралдар мен робототехника арқылы ақпарат алу және қолдану дағдыларын қалыптастыру;
— инженерия – конструкторлар мен табиғи материалдар арқылы жобалау және құрастыру қабілетін дамыту;
— математика – санау, өлшеу, пішіндер мен көлемді ажырату арқылы логикалық ойлауды жетілдіру.
STEM-білім беру сабақтарында тәрбиеші ойын мен тәжірибелік әрекетті біріктіріп, баланың өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Мысалы «Желкенді кеме жасайық» тақырыбында балалар инженерлік модель құрастырып (инженерия), оның суда жүзуін бақылайды (ғылым), нәтижесін салыстырады (математика) және цифрлық бейне жасайды (технология).
Қорытындылай келе, STEM-білім беру жүйесі мектепке дейінгі кезеңде баланың ойлау, зерттеу, салыстыру және жобалау қабілеттерін дамытуға тиімді. Сонымен қатар ол дербестік, ынтымақтастық, жауапкершілік сияқты тұлғалық қасиеттерді қалыптастырады. STEM әдісі болашақта ғылыми-техникалық бағытқа қызығушылықты арттырып, инновациялық ойлайтын жаңа ұрпақ қалыптастырудың негізгі тетігі болып отыр.
Жанна ТӨЛЕУБАЕВА,
«Бәйтерек» КМҚК бөбекжайы
