Бүгінгі күннің цифры: 700 мың қарыз алушыға қатысты банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша жасалған шарттардың талаптарына өзгерістер мақұлданды
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сәйкес, биылғы жылдың басынан бері банктерге жасалған банктік қарыз шарттарының талаптарын өзгертуге 116,7 мың қарыз алушы жүгінген, олардың ішінде шамамен 74 мың қарыз алушыға қатысты мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау мақұлданған. МҚҰ-ға микрокредит бойынша берешекті қайта құрылымдау үшін 110,1 мың қарыз алушы жүгінген, олардың ішінде шамамен 93,4 мың қарыз алушының өтініші қанағаттандырылған.
2021 жылғы 1 қазаннан бастап енгізілген Кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі бүгінгі күні өзінің тиімділігін көрсетті, бұл қиын жағдайға тап болған адамдарға төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және кредиторлар алдында қабылданған міндеттемелерін уақтылы орындауды жалғастыруға мүмкіндік бере отырып, қарыз алушылардың дефолт болу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы,
2022 жылдан бері банктер мен МҚҰ-ға 935,5 мың өтініш беруші жүгінген, қаралған өтініштердің ішінен 700 мыңнан астам қарыз алушыға қатысты қайта құрылымдау мақұлданған.
Fingramota.kz қарыз алушы кредит бойынша мерзімін өткізіп алған жағдайда жасайтын іс-әрекеттердің алгоритмін еске салады.
Егер қарыз алушы кредит бойынша міндеттемелерін орындай алмайтын болса, онда ол, бірінші кезекте, мерзімін өткізу басталған күннен бастап
30 күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе шартта жазылған өзге тәсілмен оған қызмет көрсетілетін банкке немесе
МҚҰ-ға жүгінуге тиіс.
Өз өтінішінде қарыз алушы:
— өз міндеттемелерін орындамау себептерін;
— бұдан былай кредитін өтеудің өз нұсқаларын көрсетуге тиіс.
Өтінішке міндетті түрде сіздің қаржылық жағдайыңыздың нашарлауын растайтын құжаттарды қоса беру қажет: бұл сіздің қаржылық және әлеуметтік жай-күйіңіз туралы ақпарат, өз міндеттемелеріңізді толық көлемде орындауға мүмкіндік бермейтін кірістеріңіздің азаюы немесе болмауы және басқалар болуы мүмкін. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болады.
Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін банк немесе МҚҰ қарыз алушының ағымдағы қаржылық және әлеуметтік жағдайы (төлем қабілеттілігі), кепілге қойылған баспананың жалғыз болуы, төлем мерзімін кешіктіру басталғанға дейін қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторларды ескере отырып, өтінішті қарау рәсімін бастайды.
Банк немесе МҚҰ күнтізбелік 15 күн ішінде қарыз алушыға:
— шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдай отырып, келісетіні туралы;
— шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын бере отырып;
— себептердің уәжді негіздемесін көрсете отырып, бас тартатыны туралы жауап беруге тиіс.
Заңнамаға сәйкес қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу мыналарды көздейді:
- қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
- негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
- негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып, берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін өзгерту;
- қарыз мерзімін өзгерту;
- айыпақының (айыппұл, өсімпұл), комиссиялардың және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдердің күшін жоя отырып, мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру;
- кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес сатуы;
- банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру жолымен қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін беру;
- қарыз шарты бойынша міндеттемені сатып алушыға бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату.
Егер өзара қолайлы нұсқа табылмаса, қарыз алушы не істеуі керек?
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса не кредитор мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімдерін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы кредитордың шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.
Назар аударыңыз! Қарыз алушы міндетті түрде өзінің өтінішіне кредиттік ұйымға жүгінгені және онымен өзара қолайлы шешімге қол жеткізе алмағаны жөнінде дәлелдемелерді қоса беруге тиіс. Қарыз алушы өтінішінің негізінде Агенттік банкке немесе МҚҰ-ға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық жасайды.
Қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбесе, не болады?
Бұл жағдайда кредитор төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты:
— жәрдемақылар, алименттер, тұрғын үй төлемдерін, нотариус депозитінің талаптарымен енгізілген ақшаны, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда, қарызды өтеу шотына борышкердің шотынан қаражат алу;
— сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін берешекті коллекторлық агенттікке беру немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беру шараларын қабылдауға құқылы.
Қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындауды кешіктіруге жол берген кезде қарыз шартында кредиттік ұйымның коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған жағдайда, берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі.
Сонымен қатар, кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайды, оның ішінде кредитор мен қарыз алушының берешегін реттеу бойынша барлық шаралар қабылдаған-қабылдамағанын ескеретін болады.
Есіңізде болсын, бұл жағдайдан дұрыс шыға білу қарыз алушының ғана емес, кредиттік ұйымның да мүддесі үшін қажет. Сондықтан, мерзімі өткен берешекті реттеу шараларын неғұрлым ерте қабылдасаңыз, берешекті өтеудің соғұрлым өзара қолайлы нұсқасы табылмақ.
Қаржылық сауатыңыз бен кредиттік жауапкершілігіңізді Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!