Азық-түлік бағасын қалай тұрақтандырамыз?

Мемлекет басшысы халықтың барлық әлеуметтік топтарының табысы экономиканың өсуіне қарай артуы тиіс екенін айтты. Бұл аксиома, Президент атап өткендей, біздің жағдайда жұмыс істемейді. Мұның бір себебі – инфляцияның өсуі. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға осы процесті баяулату бойынша қарқынды жұмыс жүргізу тапсырылды.

Өңір әкімдігінің аппараттық кеңесінде Облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов мәлімдегендей, жалпы өңір бойынша тұтыну бағаларының индексі 2021 жылғы желтоқсанда 2020 жылғы желтоқсанға қарағанда 108,5% өсімді құрады, республикалық көрсеткіш – 108,4%.

– Тұтыну бағаларының индексі: азық-түлік тауарларына – 109,4%, республикалық көрсеткіште – 109,9%; азық-түлік емес тауарларға – 109,6%, республикалық көрсеткіште – 108,5%; ақылы қызметтерге – 106,3%. Осы жылдан бастап Қарағанды қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының индексі 100,0%-ды құрады, республикалық көрсеткіш – 100,1%. Осылайша Мемлекет басшысының инфляциялық дәлізді 108,5%-дан аспайтын деңгейде сақтау қажеттігі туралы тапсырмасы орындалды, — деді Азамат Мұқанов.

Басқарма басшысы өткен жылмен салыстырғанда астық жинау көрсеткіштерінің төмендеуіне байланысты ауыл шаруашылығына баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Процесс халыққа ашық және жеңіл болуы үшін, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау әдістемесін қайта қарау тапсырылды. Алдағы үш жылда азықтүлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл мәселені ел Президенті орталық және жергілікті атқарушы органдардың негізгі басымдығы деп белгіледі.

– Сонымен қатар бірқатар ақылы қызметтерге тарифтерді азайту, сұйылтылған газға, бензинге шекті бағаларды бекіту тапсырылды. Мұның бәрін біздің өңірде де орындау қажет. Жалпы республика бойынша 2025 жылға қарай 3-4% жаңа инфляциялық дәліз бекітілді. Ағымдағы жылы инфляциялық дәліз 4-6%-ды құрайды. Жағдайды тұрақтандыру үшін біз инфляциялық процестерді тежеу бойынша кешенді жоспар әзірлеп жатырмыз, — деп баяндады Азамат Мұқанов.

– Жоспардың негізгі бағыты – бұрын жүргізілген жұмысты жалғастыру, сондай-ақ Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмаларды орындау. Ішкі нарықты отандық азық-түлік және азық-түлік емес тауарлармен толықтыру, импорт алмастыратын жобаларды іске асыру, көкөніс қоймаларының алаңдарын кеңейту және жетілдіру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу құралдарының тиімділігін бағалау, алыпсатарлық фактілерді жою бойынша жұмыс жүргізу қажет, – деп сөзін жалғады ведомство басшысы.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін тұрақтандыру қорының қорлары пайдаланылады. Осы мақсатта форвардтық шарттар бойынша келісімшарт жасалған өнімдерді сату да, меморандумдар шеңберінде жеткізілетін жергілікті өндірушілердің өнімдері де пайдаланылады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров тұрақтандыру қорында 291,6 тонна өнім, оның ішінде 41,2 тонна қарақұмық, 200,4 тонна қант және 50 мың литр күнбағыс майы бар екенін айтты. Сондай-ақ 340 тонна көлемінде қант сатылып алынған.

– Жақын арада 200 мың литр өсімдік майы, 68 тонна күріш және 204 тонна қарақұмық жармасын сатып алу жоспарлануда. 700 тонна көлемінде жеміс пен көкөніс өнімдері, оның ішінде 300 тонна картоп, 200 тонна сәбіз және 200 тонна қырыққабат сатылып алынады. Аталған өнім көлемін сатып алу үшін «Сарыарқа» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде 488,5 млн теңге қарастырылған, – деді Асқар Санаубаров.

Сонымен қатар, жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен бір миллиард теңге сомасында қосымша қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл ақша картоп пен көкөністерді ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасындағы келісімшарт негізінде, тікелей өндірушілердің өзінде сақтай отырып, маусымаралық кезеңде белгіленген бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

– Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін 784,5 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өтінімдерді қабылдауда. Қарағанды қаласының кәсіпкерлік субъектілеріне айналым схемасы шеңберінде сауда нүктелеріне белгіленген бағамен картоп пен көкөністерді (сәбіз, пияз, қырыққабат) жеткізу жалғасуда. Өткен аптада 20 тонна картоп, 5 тонна сәбіз және 2 тонна қырыққабат жеткізілді, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Меморандумдар шеңберінде жергілікті құс фабрикалары бірінші санаттағы 10 жұмыртқаны сауда желісіне белгіленген төмендетілген бағамен 250-260 теңгеге жеткізіп, кейіннен сауда нүктелерінде 270 теңгеден сатады. Бір апта ішінде Қарағандының сауда нүктелеріне 50 мың дана жұмыртқа жеткізілген.

– Ұн мен нан бағасын тұрақтандыру үшін астықтың резервтік қоры пайдаланылады. Резервтік ұннан өндірілген бөлке нанның бөлшек сауда бағасы 75 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда резервтік қорда 1-сұрыпты бидай ұнының 7,5 мың тоннасы бар. Бұл жаңа өнім келгенге дейін жеткілікті. Нан бағасының өсуін тежеу үшін биыл азық-түлік келісімшарт корпорациясы белгіленген бағамен тоннасына 90 мың теңгеден 18 мың тонна бидай бөлінеді. Осы астықтан өндірілген ұн нан пісіру үшін наубайханаларға беріледі, әрі қарай бөлшек сауда желісінде бір бөлке үшін 90 теңгеден төмен бағамен сатылады, – деп айта кетті Санаубаров.

Басқа азық-түлік өнімдеріне келетін болсақ, жыл басымен салыстырғанда жергілікті жылыжай шаруашылықтарының қиярын сату бағасы орташа есеппен 30%-ға төмендеген. Мәселен, «Грин Технолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бағасы келісіне 850- ден 600 теңгеге дейін, ал Топар жылыжайларында 1000-нан 850 теңгеге дейін төмендеді. Қиярдың негізгі көлемі сауда желілеріне республиканың оңтүстік өңірлерінен әкелінеді, олардың бағасы тасымалдау шығындарына қарай біршама жоғары.

– Өкінішке қарай, қияр бағасын мемлекеттік реттеу жоқ, сондықтан бізде өнімнің осы түріне шекті бағаны белгілеу мүмкін емес. Бірақ мемлекет басшысының азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін өңірлердің әкімдіктері сауда нүктелерімен сауда үстемесін 15%-дан асырмау жайлы меморандумдар жасайды. Жергілікті өндірушілердің сиыр еті мен құс етінің бағасы тұрақты болып қалуда, – деп түйіндеді ведомство басшысы.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева жыл басынан бері әкелінетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тобында бағаның өсуі байқалмағанын атап өтті. Өткен аптада бағалар төрт позиция бойынша өзгеріссіз қалды: қант – 272 теңге, күнбағыс майы – 709 теңге, қарақұмық – 361 теңге, күріш – 235 теңге. Бұдан басқа, облыстың ішкі нарығына ресейлік өндірушілерден «Илецкая» тұзы төмен 37 теңгеге дейін арзандады.

– Жалпы, жағдай тұрақты. Азықтүлік тапшылығын болдырмау үшін қоймаларға өнімнің уақытылы түсуіне мониторинг жүргізіледі. Бөлшек сауда желілеріне өнімдер уақытылы және кідіріссіз жеткізіледі. Бүгінгі күні қоймаларда әкелінетін бакалея өнімдерінің қолда бар қорлары облыс қажеттілігін 10-38 күнге дейін қамтамасыз ету үшін жеткілікті, – деп қорытындылады Татьяна Аблаева.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

QH.