Азық-түлік қауіпсіздігі

Қазақстан нарығындағы азық-түлік тауарларының қомақты бөлігі, кейбірінде 70 пайызға жуығы импорт есебінен толтырылып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы мүмкіндігі мол мемлекет үшін үлкен сұрақ тудырады: неге біз өзімізді толық қамтамасыз ете алмаймыз және неге шетелдік өнімдер отандық тауарларға қарағанда нарыққа жеңіл жол табуда?

Соңғы статистикаға сүйенсек, еліміз қанттың шамамен 70 пайызын, балық өнімдерінің жартысына жуығын, ірімшік пен сүзбенің 47 пайызын, шұжықтың үштен бірін, ал құс етінің төрттен бірін сырттан сатып алуға мәжбүр. Күнбағыс майы мен сүт өнімдері де белгілі бір деңгейде импортқа тәуелді. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі негізгі 24 азық-түліктің 80–100 пайызын Қазақстанда өндіреміз деп сендіріп отыр. Алайда іс жүзінде ел тұрғындары тұтынатын күнделікті тауарлардың ішінде өзіндік өндірістің жеткіліксіз екені айқын сезіледі.

Фермерлердің айтуынша, бұл жағдайға бірқатар себептер әсер етіп отыр. Біріншіден, елде өндіріс көлемі аз. Екіншіден, бар өнімнің өзіндік құны тым жоғары. Мәселен, Алматы қаласының фермері әрі аграрлық сарапшы Кирилл Павлов биылғы жағдайды былай түсіндірді:

— Өткен жылмен салыстырғанда 20 есе аз шөп саттым, себебі мал саны күрт қысқарды. Көктемде жағдай одан сайын қиындауы мүмкін. Үкімет фермерлерді төмен бағаға өнім өткізуге мәжбүрлеуі ықтимал», – дейді ол. Ал Қарағанды облысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жексен Әбдірахманов ауыл шаруашылығындағы техника мәселесін көтерді. Оның сөзінше, шаруалар әлі күнге дейін 60–70 жылдардың тракторларымен жұмыс істеп жүр. «Осындай жағдайда арзан әрі сапалы өнім өндіру мүмкін емес. Қазақстан өзін ғана емес, көршілерін де асырай алатын әлеуетке ие, бірақ шаруаларға тиісті жағдай жасалмай отыр, – дейді ол.

Тағы бір үлкен түйткіл – субсидияның әділ бөлінбеуі. Қазақстан фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ақпар Мәуленовтің пікірінше, негізгі қаржылық қолдау ірі агрохолдингтердің қолына тиеді де, шағын және орта шаруалар шетте қалып қояды.

— Қарапайым фермерлер қағазбастылықтан аса алмай, өнімін өткізе алмай жүр. Біз бәрін өндіре аламыз, тіпті экспортқа да шығаруға шамамыз бар. Ол үшін шаруаларға нақты қолдау қажет, – дейді ол.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды онша ауырлатпайды. Ведомствоның мәліметінше, импортқа тәуелділік тек бес өнімде бар. Министрлік 2027 жылға дейінгі жоспарында өндіріс көлемін ұлғайту үшін бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның ішінде 35 құс фабрикасын, 117 сүт өңдеу зауытын, ірімшік пен сүзбе өндірісін дамыту бағыттарын, сондай-ақ 44 балық шаруашылығы жобасын іске қосу қарастырылған. Бұған қоса, Алматы мен Жамбыл облыстарында жаңа қант зауыттары салынбақ.

Қазақстанда жер де, су да, еңбек күші де жеткілікті. Бірақ саладағы жүйелі мәселелер – ескірген техника, әділетсіз субсидиялау, инфрақұрылымның әлсіздігі мен өнімді өткізудің қиындығы – отандық тауарды қымбат әрі бәсекеге қабілетсіз қылып отыр. Егер ауыл шаруашылығына қолдау тетіктері әділ әрі тиімді іске асса, еліміз өзін ғана емес, көршілес мемлекеттерді де азық-түлікпен қамтамасыз ете алатыны сөзсіз.

Ералы ҒАНИ,

«QH»