Азаматтық қоғам мен мемлекет серіктестігі: жаңа заң аясындағы қадамдар
Қарағандыда өткен «Азаматтық бастамаларды қолдау мен дамытудың заманауи формалары» атты форум Конституция күні қарсаңында аймақтың және елдің азаматтық секторы үшін маңызды алаңға айналды. Шараға мемлекеттік органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), блогерлер мен жастар көшбасшыларының қатарынан шамамен 120 қатысушы жиналды.
Форумда ҮЕҰ туралы жаңа заң жобасы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, өңірлік бастамаларды қолдау тетіктері және қайырымдылық пен цифрлық технологияларды енгізу кезіндегі қауіп-қатерлер кеңінен талқыланды.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей ҮЕҰ-дың қоғам өміріндегі маңызын атап өтті.
«Қазақи түсінікте қайырымдылық, бірлікті сақтау, өзара қолдау мәдениеті әрқашан қоғамның тұрақтылығының кепілі бола алды. Бүгінде өңірде ҮЕҰ қатысуымен әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда. «Тең қоғам» орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаса, Ақпараттық білім беру орталығы белсенді азаматтарға арналған коворкингке айналды. Лудомания мен нашақорлықтың алдын алу шараларынан бастап, «Таза Қазақстан» акциясына дейін – бәрі ҮЕҰ-дың үлесімен жүзеге асуда. Биыл олардың бастамаларына 2,3 млрд теңге бөлінді», – деді ол.
Жиынға қатысушылардың пікірінше, үкіметтік емес секторды нығайтудың жаңа заңнамалық негіздері оның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әсіресе ауылдық жерлердегі бастамаларды қолдауға серпін береді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті жаңа заңның негізгі бағыттарын таныстырды. Заң жобасы ҮЕҰ мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы серіктестікті күшейтуді көздейді.
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева заңнамалық базаның өзектілігіне тоқталды.
«Жиырма жыл бұрын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заң қабылданған. Бірақ онда «үкіметтік емес ұйым» деп саяси партиялар, кәсіподақтар мен діни бірлестіктерден өзге барлық коммерциялық емес ұйымдар аталған. Яғни, ПИК, МИБ, нотариаттар палатасы, КеАҚ – барлығы ҮЕҰ санатына кірді. Алайда бүгінде әрқайсысының жеке салалық заңдары бар екенін ескеру керек», – деді Бану Нұрғазиева.
Кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев та азаматтық сектордың дамуына қатысты пікірін білдірді.
«Басты тақырып – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара түсіністік. ҮЕҰ-дың ұсыныстары өңірлік деңгейден республикалық деңгейге жеткізіліп отыр. Болашақта мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың серіктестігі айқын әрі тең болуы тиіс», – деді ол.
Форум барысында өңірдегі әлеуметтік жобалардың тиімділігіне де назар аударылды. Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық бағдарламалар арқылы 200-ден астам жоба жүзеге асырылады. Олар әлеуметтік осал топтарды қолдау, цифрлық сауаттылықты арттыру, жастарды кәсіби бағдарлау және медиацияны дамыту бағыттарына бағытталған.
Кездесу қорытындысы бойынша өңірлік ұсыныстар республикалық деңгейге жолданды. Сондай-ақ, азаматтық ұйымдарға әкімшілік, кеңестік және ресурстық көмек көрсететін бірыңғай кеңістік құру ұсынылды.
Бастамалар, этносаралық келісім мәселелері, жасанды интеллект пен цифрландырудың тәуекелдері талқыланды. Шара соңында «Заманауи Қазақстан» көрмесі мен ерекше білім беруді қажет ететін балалардың сурет фестивалі өтті.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»