Қазақтың тұңғыш академигі

2024 жылдың сәуір айында ғалым-геолог, қоғам қайраткері, КСРО Ғылым академиясының академигі, КазКСР Ғылым академиясынын академигі, геологиядан бөлек мәдениет пен тарих саласына сіңірген енбегі ерен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдык мерейтойы республика көлемінде аталып өтеді. Осыған орай «Сарыжайлау» кинотеатрында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасымен бірлескен «Академик Қ.И.Сәтбаев – көрнекті ғалым және ғылым ұйымдастырушысы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ және Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ оқытушы-ғалымдары, аталған ЖОО-лардағы инновациялық технологиялар және сәулет-құрылыс факультеттерінің бірінші курс студенттері қатысты.

– Бұл дөңгелек үстелді Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасы «Сарыжайлау» кинотеатрымен бірлесе ұйымдастырып отырмыз. Шарамыз академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған. Академиктің мерейтойы мен Қазақстан Республикасының Ғылым күні қарсаңында (12 сәуір) біз «Академик Қ.И.Сәтбаев – көрнекті ғалым және ғылым ұйымдастырушысы» атты дөңгелек үстел өткізбек боп шештік. Шарамыздың мақсаты – әлемге әйгілі ғалымның шығармашылық, ғылыми мұрасын зерттеу. Қаныш Сәтбаев Қазақстандағы академиялық ғылымның бастауында тұрды, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, КСРО және Орта Азия Ғылым академиясының тұңғыш академигі болды. Университеттегі оқу ғылыми-зерттеу жұмысының дағдысын береді, осы тұрғыда студенттеріміз бүгін баяндамаларын дайындап әкелді. Студенттердің бойында ғылыми-зерттеу құзыреттілік дағдыларын қалыптастыру, олардың рухани дамуына жағдай жасау – басты мақсат. Біз дөңгелек үстел, эссе байқауын өткіземіз, негізінен студенттер өте жақсы атсалысады және бұл – шығармашылықты танымал ету, тарихи тұлғаларды тану, сондықтан жастар ұлы ғұламаларымыздың еңбектері мен өмірлерін білуі және зерттеуі керек, – дейді т.ғ.к., Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Айнагүл Даниярова.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабековтің сөзінше, Қаныш Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген жерлерде тек инженер-геолог ретінде ғана қарамай, сол жерде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді де зерттеумен айналысқан. Осыған орай спикердің баяндамасы «Ұлытау өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер және олардың маңыздылығы» тақырыбында болды.

– Біз тарихшы ретінде білеміз, Қаныш Имантайұлының бүкіл өмір жолы, еңбектері – барлығы қазақ халқына арналып бағытталған. Мәселен, мынау Ұлытау өңірінде көп жыл экспедицияда жүрген кезден білеміз, Қаныш Имантайұлы сол жерлерді жаяу аралап, әрбір тау-тасын зерттеп, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген және тек инженер-геолог ретінде ғана қарамай, сол жерде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді де зерттеумен айналысқан. Көптеген тарихи жәдігер осы Қаныш Имантайұлы жазбаларының негізінде сақталып, бүгінгі күні зерттеліп келеді. Сондықтан Қаныш Имантайұлын ғалым ретінде де, ұйымдастырушы ретінде де үлкен тұлға деп білеміз және бұл кісілердің бір ерекшелігі – кезінде репрессияға ұшырап кеткен «Алаш» қайраткерлерінің аманатын арқалап, жүгін жеткізген тұлғалар. Өйткені «Алаш» қайраткерлерінің барлығы дерлік елге қызмет еткені үшін 37-38 жылдардың зобалаңынан аман қалған жоқ. Одан кейінгі жас ұрпақ, жас буын Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұландар – Кеңес үкіметіне қызмет жасай жүріп өз еліне, өз халқына үлкен еңбек сіңірген тұлғалар. Сондықтан бұл тұлғалардың өмірін зерттеу, оны насихаттау, қазіргі жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуді үлкен борышымыз деп есептейміз. Ұлытау, Жезқазған өңірлерінде біздің 4000-нан астам тарихи жәдігеріміз сақталған, ал 1926 жылы Қаныш Имантайұлы Қарсақбайда геология барлау тобының жетекшісі болған және өзі соған арнап мақала жазған. Сол ескерткіштерді біз әлі күнге дейін зерттеп келе жатырмыз, көптеген ескерткішті сол Қаныш Имантайұлының жазбаларынан көріп, қазір барып зерттеп жүрміз. Міне, бүгінгі баяндамам осы жайлы болды, мұны жастар білуі керек, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков.

Іс-шара соңында студенттер «Қаныш» фильмін тамашалады. Айта кетейік, «Сарыжайлау» кинотеатрында «Қаныш» көркем фильмі 11 сәуірден бастап көрерменге қайта жол тартады.

«Қаныш» фильмінің сюжеттік желісі геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолына негізделген. Кинотуынды жас Қаныштың қазақ халқының басына күн туған ашаршылық және қуғын-сүргін жылдарындағы геология саласындағы алғашқы қадамдарын баяндайды.

Режиссері – Ерлан Нұрмұхамедов, сценарий авторлары – Әмір Әменов пен Ален Рахметалиев. Фильмде Қаныш рөлін Әсет Есжан сомдайды. Кинокартина «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тапсырысымен 2021 жылы түсірілген алты бөлімді «Қаныш. Қазына» телехикаясы негізінде дайындалған.

Жоба 2022 жылы толықметражды фильм ретінде Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен халықаралық «Literature in Cinema» кинофестивалінде «Үздік фильм» («Best film») жүлдесіне ие болды. Ал 2023 жылдың қаңтарында Үндістандағы «Athvikvaruni International Film Festival» халықаралық кинофестивалінде үш номинация («Best asian feature film», «Best concept», «Best environment/nature feature film») жеңімпазы атанды.

«Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Саят Әбдіғали кинотеатр тек фильм көрсетумен ғана шектелмейтінін, мұндай киносабақтардың, басқа да кездесулердің осында жиі өтетінін айтты.

– Өскелең ұрпақ батырларымызды, ғалымдарымызды, қайраткерлерімізді зерттеп білуі керек. Осы мақсатта біздің кинотеатрда осындай дөңгелек үстел, киносабақ, кездесу өтіп тұрады. Сондай-ақ геолог, қоғам қайраткері, КСРО Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын тойлау аясында көрермен назарына «Қаныш» фильмін тағы бір ұсынбақпыз. Фильм 11 сәуір мен 17 сәуір аралығында сағат 16:40-та көрсетіледі, – деп атап өтті Саят Әбдіғали.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»