Қазақ тілі — ғылым мен білімнің тірегі
Қарағанды облысында қазақ тілін ғылым мен білім тілі ретінде дамытуға арналған TED форматындағы «Ойталқы» республикалық семинары өтті. Бұл шара тіл саясатының өзекті мәселелерін талқылап, ұлттық ғылым мен білім жүйесінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталды.
Семинарға еліміздің жетекші ғалымдары, тіл саясаты саласының мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен жас зерттеушілер, сондай-ақ IT және медиа саласының мамандары қатысты.
Шараның ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің ғылым мен технология саласында орнығуы – елдің интеллектуалды дамуының басты шарты екенін атап өтті.
– Қазақ тілі тек мәдениет пен әдебиеттің емес, ғылым мен инновацияның да тіліне айналуы тиіс. Бұл – тәуелсіз ұлттың дамуының кепілі, – деді ол.
TED форматында өткен «Ойталқы» кездесуі еркін пікір алмасуға, тың идеялар мен жаңашыл көзқарастарды ортаға салуға мүмкіндік берді. Қатысушылар қазақ тілінің жаңа дәуірде дамуы үшін қандай әдіснама мен технологиялық тетіктер қажет екенін жан-жақты талқылады.
Семинар барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов «Ғылым тілінің әдіснамасын қалыптастыру» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, ғылыми терминдерді жүйелеу мен стандарттау мәселелеріне тоқталды.
Қарағанды медицина университетінің профессоры Хабира Әбдіқадырова қазақ тіліндегі медициналық терминологияның қалыптасу жолдары мен өзекті мәселелерін көтерді. Ол отандық медицина саласында қазақ тілінің ғылыми әлеуетін күшейту – болашақ дәрігерлердің ұлттық кодын сақтаудың маңызды бөлігі екенін айтты.
Ал «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының сарапшысы Талғат Бектұр өз сөзінде жасанды интеллект пен заманауи цифрлық шешімдердің қазақ тілін дамытудағы маңызын ерекше атап өтті.
– Қазақ тілін цифрлық ортаға толық енгізу – болашақ ұрпаққа сапалы тілдік контент қалдырудың жолы. Бүгінде AI құралдары арқылы қазақша мәтін, аудио және визуал контентті өңдеу мүмкіндігі артып келеді, – деді сарапшы.
Панельдік сессияда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны білім беру жүйесі мен цифрлық индустрияға интеграциялау жолдары қаралды. Қатысушылар нақты ұсыныстар айтып, аймақтар арасындағы тәжірибе алмасудың тиімділігін сөз етті.
Семинар өзара кәсіби байланыс пен ынтымақтастықтың алаңына айналып, қазақ тілін жаңа деңгейге көтеру бағытындағы ортақ стратегияларды айқындады. Шара соңында мемлекеттік тілдің дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар қатысушы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттарымен, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»