Қазақ тілі клубы құрылды

Облыс орталығында «Сөйле» атты тегін қазақ тілі клубы ашылды. Шараға келушілердің көбі – зейнеткерлер мен орта буын өкілдері. Мақсат – тіл үйренуге ниет білдірушілердің күнделікті тұрмыста адамдармен қазақ тілінде емін-еркін сөйлесуіне мүмкіндік жасау.

Тіл үйренушілердің көбі – орыс ұлтының өкілдері. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деп халық даналары айтқандай, тіл үйренем деп келген жандарға ана тілімізді үйрету – әр қазақтың азаматтық борышы. Қай елдің тілін үйренсе, сол елдің мәдениетін де танып біледі. Себебі халық рухының сарқылмас бастауы да сонда жатыр.

«Сөйле» қазақ тілі клубы «Аманат» партиясының және «Жастар рухы» жастар қанатының «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында құрылған. Бастапқыда «Сөйле» ауызекі клубы бір жарым, екі айға жоспарланған. Алайда тіл үйренушілердің өтінішімен маусым айына дейін ұзартылды.

– «Сөйле» қазақ тілі клубына келушілердің қарасы қалың. Алдағы уақытта тіл үйренушілердің саны мұнан да артады деген үміттеміз, – дейді «Аманат» партиясы «Жастар рухы» қанатының маманы Төлесова Ақсана Есілбайқызы.

Мұнан бұрын қаламызда қазақ тіліне құрметпен қарайтын ынтасы зор жандар үшін қазақ тілінің курстары ашылған болатын. Қазіргі уақытта мұндай орталықтар саны едәуір артып келеді. Шараға жиналған тіл үйренуші жандарға Қарағанды облысы Қазақ тілі орталығының жетекшісі Рахматаева Мәдина Қанашқызы алғашқы сабағын өткізді. Алдағы маусым айына дейін сабақ жоспары Мәдина Қанашқызының мойнына жүктелген. Сабақ кестесі әр аптаның сәрсенбісінде кешкі сағат 18:00-ге орайластырылған, яғни тіл үйренушілердің жұмыстан қолы босаған уақытта өткізіледі.

Елімізде тұратын әрбір азамат қазақ тілін білуге міндетті. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі – ұлтымыздың ұлы мұраты. Сондықтан тіл саласында қызмет атқарып жүрген тіл жанашырлары мен зиялы қауым өкілдерінің бұл шарада төбе көрсетуі – ана тілімізге деген құрметі. Мұнан бұрын Қарағанды қаласының Достық үйінде «Мәміле» деген қазақ тілі клубы ашылған болатын. Өзге ұлт өкілдері жиналып қазақ тілінде қысқаметражды бейнероликтер түсіріп, қазақ тілін насихаттауға өзіндік үлесін қосуда. Жастар қанатының осы бастамаға мұрындық болғаны – шынымен көңіл қуантатын жайт. Осы «Сөйле» қазақ тілі клубының да өміршең боларына қоғам белсендісі, тіл жанашыры әрі ақын Эльмира Сайлауқызы сенім білдіріп, сәттілік тіледі.

Айта кетейік, тіл үйренуге ниет білдіргендердің жас мөлшерінде шектеу жоқ. Мәселен, қазір қазақ тілін үйреніп жатқандардың көбі – зейнеткер мен орта буын өкілдері.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»