Қазақстанның жаңа Конституция жобасы

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Құжат әзірлеу барысында азаматтар, сарапшылар және қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныстар ескерілді.

Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы 11 бөлімнен тұрады және онда мемлекеттің негізгі құрылымдық бағыттары көрсетілген. Құжатта конституциялық негіздер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тәртібі, сот жүйесінің қызметі және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері қамтылған. Сонымен қатар, жаңартылған негізгі заңды кезең-кезеңімен енгізу тәртібі ерекше назарға алынған.

– Жаңа Конституция жобасын міндетті түрде талқылау қажет, себебі ол біздің ертеңгі өмірімізді айқындайтын құжат. Бұл халық пен мемлекеттің арасындағы келісімшарт сияқты. Біз осы Конституцияға қандай түзетулер енгізуге болатынын, қандай ұсыныстар жасауға болатынын барлығын бірге қарастыруымыз керек, – деді Қарағанды облыстық  кәсіпкерлер қауымдастығының директоры Серік Санаубаев.

Негізгі жаңалықтардың бірі – бір палаталы Парламентке өтуі. Жоба бойынша оның өкілеттіктері, жұмыс істеу тәртібі және заңдарды қабылдау процесі нақты көрсетілген. Сонымен қатар Үкіметтің Парламентке деген жауапкершілігі мен есеп беру міндеті арттырылған.

– Біздің Конституцияда адамның құндылығы ең басты орынға қойылғаны бірінші рет көрсетілген. Қоғамымызда әртүрлі қоғамдық институттардың дамуы және бір палаталы Парламентке көшу сияқты реформалар осы жобаның біртұтас бөлігі ретінде қарастырылғанда, бұл біздің мемлекеттің әрі қарай дамуы үшін үлкен әрі дұрыс бастама деп айтуға болады, – дейді Қарағанды облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова.

Жаңартылған нұсқада елдің басты құндылықтары – тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастық – нақты белгіленген. Қазақстан унитарлық құрылымды сақтай отырып, президенттік басқару жүйесін дамытады және биліктің негізгі қайнар көзі ретінде халықты анықтайды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»