Қазақстандық видеограф әлемдегі үздік трэвел-блогер атанды

Қазақ елінің атын әлемдік аренада танытып жүрген Дастан Мұхамедрақым трэвел-блогерлік саласында ең үздік деп танылды. Оның марапаты Франциядағы Канн фестивалімен қатар өтіп жатқан WIVA Awards халықаралық байқауында берілмек. Бұл шарада жыл сайын Хабби Лэйм, Бурак, Нусрет сынды әлемге танымал блогерлер марапат алады.

– Мәссаған, сүйінші қазақ елі! Жаңа ғана почтаға хабарлама келді: Францияда мені марапатқа шақырып жатыр. Мен тревэл-блогерлер арасында үздік атандым, – деді Дастан Мұхамедрақым. — Бұл 2026 жыл қазақ елі үшін керемет басталды, біздің де қосқан үлесіміз болсын.

Дастан бірнеше жылдан бері Қазақстанның табиғатын түсіріп, оның әсемдігін әлемге паш етіп келеді. Оның видеолары жүздеген миллион қаралым жинап, миллиондаған лайкқа ие болып, әлемнің түкпір-түкпірінен пікірлер алуда. Сонымен қатар, блогер қазақ мәдениетін дәріптеп, өз парақшасында дәстүрімізді, ұлттық киімдерімізді көрсетуге мән береді. Мысалы, өткен айда ол әлемге әйгілі актер әрі режиссер Уилл Смитке шапан сыйлаған.

Instagram платформасы Дастанның контентін ерекше атап өтіп, өткен жылы оның видеолары миллиондаған жазылушысы бар парақшаларда бөлісілген болатын. Бұл жетістік Қазақстанның табиғи сұлулығын және мәдениетін әлемдік деңгейде танытуда маңызды рөл атқарады.