Қазақстанда жалған ақша саны күрт артты: ең көп қолдан жасалатыны – 5 000 теңге
Қазақстанда жалған ақша жасау деректері айтарлықтай көбейген. ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 2025 жылы анықталған жалған ақша белгілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 91 пайызға артқан. Ең жиі қолдан жасалатын купюра – 5 000 теңге болып отыр.
Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы жалпы сомасы 1,1 миллион теңгеден асатын 206 жалған ақша белгісі анықталған. Оның ішінде 203-і банкнота, ал үшеуі монета. Ал 2024 жылы мұндай 108 дерек тіркелген болатын. Бұл – жалған ақша айналымының айтарлықтай өскенін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне күнделікті айналымда жиі қолданылатын номиналдарды таңдайды. Соның ішінде 5 000 теңгелік купюра – ең көп таралған жалған банкнота.
Осыған байланысты Ұлттық банк тұрғындарды ақша белгілерін қабылдау кезінде мұқият болуға шақырады. Жалған 5 000 теңгені түпнұсқадан ажырату үшін бірнеше қорғаныс элементіне назар аудару қажет.
Мәселен банкнотаның бұрышында алтын түстес мемлекеттік елтаңба бейнеленген. Ол бедерлі болып келеді және саусақпен ұстағанда анық сезіледі. Сонымен қатар купюраның бүйір бөліктерінде арнайы бедерлі жолақтар бар. Бұл элементтер, ең алдымен, көру қабілеті төмен азаматтарға арналғанымен, жалған ақшаны анықтауға да көмектеседі.
Сондай-ақ банкнотаны жарыққа тосып тексеруге болады. Купюра ішінде ою-өрнегі бар екі түсті қорғаныс жібі орналасқан. Кәдімгі жағдайда ол үзік сызық түрінде көрінсе, жарыққа жақындатқанда тұтас сызық ретінде байқалады.
Тағы бір маңызды белгі – үлкен «5 000» санының жанындағы құбылмалы қорғаныс элементі. Купюраны әртүрлі бұрышпен қарағанда, бұл элементтің ішінде бірде бүркіт бейнесі, бірде алтын түсті «5 000» саны көрінеді.
Мамандардың айтуынша, түпнұсқа банкнотаның басты ерекшелігі – оның қорғаныс элементтерінің көпшілігі қолға сезіледі және жарыққа немесе бұрышқа байланысты өзгеріп тұрады. Ал жалған ақша көбіне қарапайым қағазға ұқсас болып келеді және мұндай қорғаныс белгілері болмайды.
Ұлттық банк азаматтарға қолма-қол ақша қабылдау кезінде сақ болуды, күмән тудыратын банкноталар анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе банк бөлімшелеріне хабарласуды ұсынады. Бұл – қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шараларының бірі.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


