Қазақстанда жүргізушісіз көліктер кезеңі басталмақ
Қазақстанда көлік саласын түбегейлі өзгертетін жаңа дәуір жақындап келеді. Үкіметтегі брифинг барысында 2036-2040 жылдарға қарай елдегі жүк көліктерінің басым бөлігі жүргізушісіз режимге көшетіні белгілі болды. Ал алғашқы автопилотпен жүретін жүк көліктері мен таксилер 2027 жылдан бастап жолға шығуы мүмкін.
Көлік саласын цифрландыруға арналған үкімет отырысында айтылғандай, болашақта жүк тасымалы автопойыз форматында, яғни бір-бірімен байланысқан жүргізушісіз көліктер арқылы жүзеге асырылады. Бұл жобалар алдымен пилоттық режимде іске қосылып, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірлесіп жүзеге асырылмақ.
Дегенмен, халықаралық сарапшылар дерегі ойландырады. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес, Қазақстан жол инфрақұрылымының сапасы бойынша 119 елдің ішінде 90-орында тұр. Соған қарамастан, отандық ведомстволар жаңа технологияларды енгізуге дайын екенін мәлімдеп отыр.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, жүргізушісіз жүк көліктерінің басты артықшылығы – тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеу мүмкіндігі. Қазіргі таңда жүргізушінің жалақысы мен оның шаршауына байланысты шектеулер жүк тасымалының өзіндік құнын арттырып отыр. Ал электр қуатымен жүретін автономды көліктер бұл шығындарды азайтуы мүмкін.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, жаңа жолдар салу кезінде жүргізушісіз көліктерге қажетті инфрақұрылым алдын ала ескеріледі.
– Жүк көліктерінің жүргізушісіз жүйеге көшуі – уақыт еншісіндегі мәселе. Біз жол салу барысында автономды көліктердің Қазақстан аумағында кедергісіз жүруі үшін қажетті датчиктер мен цифрлық шешімдерді орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді министр.
Сонымен қатар, e-Joldar бағдарламасы аясында еліміздегі барлық автожолға цифрлық төлқұжаттар әзірленуде. Бұл жүйе жолдың жай-күйін онлайн бақылауға және автопилот жүйелерін дәл баптауға мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, жүргізушісіз көліктер логистика саласын түбегейлі өзгертіп, тасымалдың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруы мүмкін. Алайда инфрақұрылым дайындығы, заңнамалық реттеу және киберқауіпсіздік мәселелері әлі де жан-жақты талқылауды талап етеді.
Қалай болғанда да, Қазақстан жолдарында рөлсіз көліктердің пайда болуы – алыс болашақ емес, жақындап келе жатқан шындық.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

