Қазақстанда психологтарға қойылатын талап күшейді: енді дипломсыз мамандарға шектеу қойылады
Қазақстанда психологтардың қызметін алғаш рет заң жүзінде реттейтін жаңа заң қабылданды. Енді өзін психолог немесе коуч деп жариялаған кез келген адам бұл салада қызмет көрсете алмайды. Тек тиісті жоғары білімі, кәсіби даярлығы және ресми тіркеуі бар мамандар ғана психологиялық көмек көрсетуге құқылы болады.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілердің дамуына байланысты қысқа мерзімді курстарды аяқтап, өзін психолог ретінде таныстыратындардың саны күрт артқан. Кейбір азаматтар небәрі 3-6 айлық оқудан кейін кеңес беруге кірісіп кеткен. Алайда мұндай «мамандардың» кәсіби даярлығы жеткіліксіз болғандықтан, олардың қызметі кей жағдайда адамдардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Жас маман Виктория Якубовскаяның айтуынша, қысқа мерзімді курстардан өткен «психологтарға» жүгінетіндер аз емес.
– Менің таныстарымның арасында үш айлық курсты аяқтап, онлайн кеңес беретін психологтарға барғандар болды. Тіпті жасөспірім кезеңде психологиялық қиындықтарға тап болғандар да бар. Бірақ біліктілігі жеткіліксіз болса да, олар қызмет көрсетуді тоқтатпаған, – дейді ол.
Викторияның өзі психология мамандығы бойынша бес жыл білім алып, жақында дипломын алмақ. Оның айтуынша, жаңа заң кәсіби мамандардың мәртебесін арттырып, сапасыз қызмет көрсететіндердің санын азайтуға мүмкіндік береді.
Ал көпжылдық тәжірибесі бар психолог Ольга Сурначева бұл заңды кәсіби орта үшін маңызды қадам деп бағалайды.
– Бұл заң нарықты кездейсоқ адамдардан тазартуға көмектеседі. Себебі тиісті білімі жоқ адамның психологиялық көмек көрсетуі қауіпті. Мұндай «мамандар» адамның ішкі жағдайын ушықтырып, ауыр салдарға әкелуі мүмкін, – дейді ол.
Жаңа талаптарға сәйкес, психологтарды даярлау және қайта даярлау тек жоғары оқу орындары мен ресми білім беру бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, барлық психологтар міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтіп, арнайы тізімге енгізілуі тиіс. Бұл тізімде жоқ азаматтардың психологиялық кеңес беруге құқығы болмайды. Бұдан бөлек, мамандар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға міндеттеледі.
Дегенмен, кейбір сарапшы бұл өзгерістерге қатысты алаңдаушылық білдіруде. Отбасылық психология орталығының жетекшісі Татьяна Савицкаяның пікірінше, жаңа талаптар қосымша бюрократиялық жүктеме тудыруы мүмкін.
– Біліктілікті арттыру курстарының жиі өткізілуі мамандарға қосымша қаржылық және әкімшілік салмақ түсіруі ықтимал. Сондықтан бұл жүйе тиімді әрі әділ ұйымдастырылуы қажет, – дейді ол.
Жалпы, жаңа заңның негізгі мақсаты – халықты сапасыз психологиялық қызметтен қорғау және кәсіби мамандардың мәртебесін арттыру. Мамандардың пікірінше, бұл бастама психологиялық көмектің сапасын жақсартып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»


