Қазақстанда онлайн оқуда әйелдер алда келеді

Статистикаға сәйкес, Skills Enbek кәсіби онлайн оқыту платформасында пайдаланушылардың 60%-дан астамы әйелдер. Бұл ретте олар кем дегенде бір курсты аяқтап, шамамен 81% сертификат алды.

Мәселен, 1 наурыздағы жағдай бойынша порталда 527,5 мың пайдаланушы тіркелген, оның 433,4 мыңы оқуын аяқтаған. Сәйкесінше тіркелгендер арасында әйелдердің үлесі 62%-ды құраса, оқытудан өткендердің 61% нәзік жандылар.

Білім алушы әйелдердің орташа жасы – 38 жас, ең кішісі – 14 жас, ал ең үлкені – 78 жаста. Сонымен қатар 140 және 182 курсты меңгерген әйелдер де бар.

Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтары бойынша курстарға әйелдер көптеп жазылуда. Әйелдер оқитын ерекше курстардың ішінде «Автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру», «Жылу желілерінің жабдықтары, құбырлары мен арматураларына қызмет көрсету және жөндеу», «Дәнекерлеу өндірісінің негіздері», «Электр жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша электр слесарлық жұмыстар», «Қазандық агрегаттарына қызмет көрсету және жөндеу» бар.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары әйелдерге курстарды таңдау бойынша ұсыныстар берді. Олардың айтуынша, кәсіпкерлік, IT-сала, маркетинг, ауылшаруашылығы және әлеуметтік қызмет сияқты танымал бағыттарға назар аудару қажет.

Еске сала кетейік, Skills Enbek платформасы Қазақстанда онлайн-оқыту саласын жақсартуға бағытталған. Онда жаңа білім алуға және біліктілікті арттыруға көмектесетін түрлі бағыт бойынша 859 курс ұсынылған. Оқытуды дербес компьютерлерде де, Enbek мобильді қосымшасымен смартфон арқылы да өтуге болады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі