Қазақстанда кейбір жолға асфальттың орнына қиыршық тас төселуі мүмкін
Қазақстанда көлік қозғалысы аз жолдарға асфальт төсеу тәжірибесінен уақытша бас тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді. Жаңа тәсілге сәйкес, кейбір тас жолдар мен ауылішілік бағыттарға асфальттың орнына қиыршық тас (щебень) төселмек.
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, бұл өзгеріс барлық жолға қатысты емес. Тек көлік қозғалысы төмен және халық саны аз елді мекендердегі жолдар қамтылады. Министрлік асфальт жабындысының құны қиыршық таспен салыстырғанда 6-10 есе қымбат екенін атап өтті. Ал жергілікті бюджеттердің мүмкіндігі барлық жолдарды асфальттап, оны тұрақты жөндеуге жеткіліксіз.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, жаңа тәртіп ең алдымен 500-ден аз тұрғыны бар ауылдар мен тәулігіне 500-ден аз көлік жүретін жолдарға қатысты болады. Бұл – жолдарды күтіп ұстау шығындарын оңтайландыруға бағытталған шара.
Сонымен қатар, әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар бағыттар бұрынғыдай асфальтпен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, маңызды инфрақұрылым нысандарына, ауруханалар мен мектептерге баратын жолдар, сондай-ақ облысаралық және қалааралық тас жолдарда асфальт жабындысы сақталады. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Көлік министрлігі аталған жобаның әлі талқылау кезеңінде екенін хабарлады. Құжатты қоғамдық талқылау 5 наурызға дейін жалғасады. Жоба мәтінімен «Ашық НҚА» ресми сайтында танысуға болады.
Мамандардың айтуынша, бұл шешім жол құрылысына кететін шығынды азайтып, қолжетімді қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен, жаңа бастама жол сапасы мен ауыл тұрғындарының қатынауына қалай әсер ететіні алдағы уақытта белгілі болады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»


