Қазақстанда дәрігер тапшылығы 20%-ға азайды
Соңғы екі жылда Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы шамамен 20 пайызға төмендеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, ауылдық жерлерде көрсеткіш 27 пайызды құраған.
Министрлік мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданғанын атап өтті. Атап айтқанда, ақылы бөлімдерге түсу үшін ҰБТ-ның шекті балы көтерілді. Сонымен қатар үшінші курстан кейін студенттердің білімін тексеру жүйесі енгізілді.
Болашақ дәрігерлердің тәжірибелік даярлығын күшейту мақсатында бейіндік пәндерге қосымша 300 сағат бөлініп, алты негізгі бағыт бойынша интернатура қайта қалпына келтірілді. Бұл қадам жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға және нақты медициналық ұйымдарда жұмыс істеуге бейімдеуге бағытталған.
Кадр даярлаудың жаңа тетігі де енгізілді. Енді мамандар жоғары оқу орны, студент және аурухана арасындағы үшжақты келісімшарт негізінде тікелей жұмысқа орналасады. Министрліктің мәліметінше, резиденттердің 70 пайызы осындай міндеттемелерді ресімдеп үлгерген.
Жалпы қабылданған шаралар медициналық кадрлар тапшылығын азайтып қана қоймай, саланың сапалық құрамын арттыруға да оң ықпал етіп отыр.

