Қазақстан Республикасындағы еңбекті қорғаудың жаңа идеологиясының кейбір мәселелері
Қазақстан 30 жылдық межеден өтті, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастарын реттеудегі, оның ішінде еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың өзгергеніне біршама уақыт болды.
Көптеген компонент айтарлықтай модернизациядан өтті, ал кейбіреулері, керісінше, өзгеріссіз қалды.
Мысалы, 2005 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі енгізілсе, сонымен қатар кәсіптік тәуекел сыныптары қолданысқа еніп, соған сәйкес өндірістік жарақат және өндірістік жарақат алу жиілігін ескере отырып, экономикалық қызмет түрлері бойынша жәбірленушілерге өтемақы мөлшері мен сақтандыру тарифтері белгіленді. 2013 жылы зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жүйесі, ал 2020 жылы кәсіби тәуекелдерді басқару тетігі енгізілді. Бұл ретте өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау тәртібі айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ, керісінше, жұмыс орнында зиянды факторлардың болуын белгілеудің формалды тәртібіне дейін қысқартылды.
Мұның нәтижесі немен бітті?
Қазіргі уақытта өндірістік жарақаттар мен кәсіби сырқаттанушылық өзекті болып қалуда, ал олардың өсу проблемасы жыл сайын тереңдеп, зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылардың саны да артып келеді.
Кәсіпорындарда еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерді аттестаттау, кәсіби тәуекелдерді бағалау және құқықтық қолдану тәжірибесі бойынша бірыңғай деректер базасының болмауы мемлекеттік бақылауды профилактикалық форматта ұйымдастыруға кедергі болып отыр.
Нақты кемшіліктерді көрсету үшін мысалдар келтірейік.
Біріншіден, еңбек жағдайларын бағалаудың маңызды элементі – өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау кәсіпорындарда әрбір бес жыл сайын аккредиттелген мамандандырылған ұйым тарапынан жүзеге асырылады. Әрбір жұмыс орнына еңбек жағдайларының сыныбы тағайындалады және зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларының болуы белгіленеді. Сонымен қатар жалпы республика бойынша еңбек жағдайларының жағдайы туралы статистикалық ақпарат жоқ. Ақпарат бар, бірақ ол жергілікті сипатқа ие және республикалық деңгейде басқару шешімдерін қабылдау үшін пайдаланылмайды.
Екіншіден, оқытып, үйрету еңбекті қорғау мәдениетін дамытудың негізгі элементі саналады. Барлық жұмыскер жыл сайын, ал басшылар мен еңбекті қорғауға жауапты тұлғалар үш жылда бір рет оқудан өтеді. Алған білімдері тексеруден өткеннен кейін, сертификат немесе лицензия беріледі. Алайда оқу орталықтары туралы және олардан қанша адам оқытылып, сынақтан өткені туралы мәлімет жоқ, оқыту сапасы қамтамасыз етілмейді. Жұмыс орнында жазатайым оқиға болған кезде ғана қызметкердің оқудан өтпегені анықталады.
Үшіншіден, жеке қорғаныс құралдары жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді есепке алмай, салааралық нормаларға сай бірыңғай стандарт жиынтығы бойынша беріледі.
Төртіншіден, зиянды еңбек жағдайларында бір жұмыс орнында жұмыс істейтін тұлғалар үшін олардың біреуіне жоғарылатылған жалақы, қосымша демалыс, сүт және т.б. түріндегі әлеуметтік кепілдіктер берілсе, ал басқаларына мұндай кепілдіктер тізбелік тәсіл негізінде беріліп, кейбіреулеріне тіпті берілмейді…
Осылайша, өкінішке орай, біз ұлттық еңбекті қорғау жүйесінің барлық құрамдас бөлігі бір-бірімен үйлесімсіз жұмыс істейтінін мойындауға мәжбүрміз.
Мемлекеттік саясатты дамытудың келесі кезеңін әлеуметтік қолдау шаралары арқылы қызметкерлерді қорғауды күшейте отырып, қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге баса назар аударып, еңбекті қорғаудың профилактикалық рөліне ауысатын жаңа кезең ретінде сипаттауға болады.
Еңбекті қорғауды құқықтық реттеудегі нарықтық экономика қағидаттарына сәйкес келмейтін бірқатар өзекті кемшіліктердің аясында көптеген құқықтық нормалардың өзектілігін көрсетіп, оларды жаңарту қажеттілігі туындады.
Елде зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты даулар мен жанжалдар мезгіл-мезгіл туындайды. Бұл проблемалардың түбінде нашар еңбек жағдайлары, жұмыс қауіпсіздігінің жеткіліксіз қамтамасыз етілуі, жұмыс берушінің еңбек жағдайын жақсартуға және еңбек ресурстарын үнемдеуге мүдделі болмауы, ал жұмыскерлердің, керісінше, еңбек сапасының жоғары, салауатты жұмыс орындарына деген сұраныстары азаймау үстінде.
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекеттік саясат аясында зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жылы 464,8 мың адам, 2021 жылы 472,8 мың адам, 2022 жылы 491,1 мың адам зиянды еңбек жағдайларында жұмысқа орналастырылған. Зерттелген кәсіпорындар қызметкерлерінің жалпы санынан зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндердің үлесі 2020 жылы 28,2%, 2021 және 2022 жылдары тиісінше 28,8% және 29,4%-ды құраған.
600-ден астам қызметкерге әлеуметтік кепілдіктің кем дегенде бір түрі көрсетіледі: қысқартылған жұмыс уақыты, қосымша демалыстар, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, жалақының өсуі.
Сонымен қатар қазіргі еңбекті қорғау жүйесі өтемдік сипатқа ие болса, әлемдік тәжірибеде қаржылық инвестициялардан артық экономикалық қайтарымды қамтамасыз ететін еңбекті қорғаудың жүйелі профилактикалық шаралары қолданылады. Сондықтан еңбекті қорғаудың жаңа идеологиясы еңбек жағдайын жақсарту шараларын ынталандыруға бағытталған.
Біріншіден, ең әуелі қажет ететін нәрсе жұмыс орнын кәсіптік тәуекел дәрежесіне сәйкес саралап, ажыратумен байланысты.
Қазіргі уақытта өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау кезінде жіктеу қолданылады да, оның негізінде не қауіпсіз, не зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары белгіленеді.
Жаңа тәсіл жұмыс орнын кәсіптік тәуекел дәрежесіне және жұмыс беруші қамтамасыз етуі тиіс қызметкерлерді қорғау деңгейіне қарай саралауға негізделген. Қорғау деңгейі тәуекелдің төмен дәрежесіне сәйкес келетін ең төменгі деңгейден тәуекелдің өте жоғары дәрежесіне сәйкес келетін ең жоғары деңгейге дейін өзгереді.
Жаңа тәсілді қолдану әрбір кәсіпорында нақты жұмыс орнына дейінгі кәсіби тәуекелді бағалауға мүмкіндік береді.
Екінші бағыт кәсіптік тәуекел дәрежесіне сәйкес, жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) таңдаумен байланысты. Енді ЖҚҚ таңдау келесі тәсіл бойынша жүзеге асырылады: әр салада белгілі бір кәсіп үшін ЖҚҚ және оның тұтыну нормасы белгіленеді.
Тәуекел дәрежесін ескере отырып, әрбір зиянды немесе қауіпті өндірістік фактор бойынша ЖҚҚ үшін оларды толық саралап таңдауды енгізу жоспарлануда.
Оның қолданылуын көрсету үшін мынау қарапайым мысалды қарастырайық. Төмен шу әсерін азайтуды құлақ сақтағыштары қамтамасыз етсе, ал жоғары шудың әсерінен қорғау үшін белсенді шуды болдырмайтын құлаққаптар беріледі. Осылайша жұмыс орнында зиянды немесе қауіпті өндірістік фактор анықталған кезде, тиісті ЖҚҚ қамтамасыз етіліп қана қоймай, оның жұмыскерді қорғау дәрежесі де ескеріледі.
Үшінші бағыт кәсіби тәуекел дәрежесіне қарай сақтандыру тарифтерін анықтаумен байланысты.
Қазіргі уақытта сақтандыру тарифі экономикалық қызмет түріне сәйкес, кәсіптік тәуекел сыныптары үшін жылдық еңбекақы қорынан 0,12-ден 2,96-ға дейін белгіленген.
Кәсіби тәуекел дәрежесіне қарай сараланып, ажыратылған сақтандыру тарифін белгілеуге көшу ұсынылады. Сақтандыру мөлшерлемесі тек экономикалық қызмет түрімен ғана емес, сонымен қатар әрбір кәсіпорындағы кәсіби тәуекелді бағалау нәтижелерімен де анықталатын болады. Бұл әр салада әр түрлі кәсіпорындардың жұмыс жағдайларына байланысты әр түрлі сақтандыру тарифтері болуы мүмкін дегенді білдіреді.
Төртінші сұрақ әлеуметтік кепілдіктердің түрлері мен көлемін және оларды кәсіби тәуекел дәрежесіне қарай саралап, ажыратумен байланысты.
Енді тізбелік тәсіл негізінде жалақыны көбейту, жұмыс уақытын қысқарту, кәсіптік зейнетақы жарналары, қосымша еңбек демалысы, сүт және емдік тамақтану түріндегі әлеуметтік кепілдіктер беріледі. Бұл жаңа көзқарас әлеуметтік кепілдіктердің түрі мен көлемі кәсіби тәуекел дәрежесіне қарай сараланып, ажыратылады деп болжанады. Жоғары тәуекелдер әлеуметтік кепілдіктердің үлкен көлемімен сәйкес келуі керек.
Бұл нормалардың барлығы тәуекелдерді кәсіби басқаруға негізделген мемлекеттік бақылаудың жаңа идеологиясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл модель мемлекеттік бақылаудың заманауи талаптарына толық сәйкес келеді.
Макашев Б., Медеубаев Н.,
Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ
кеніштік аэрология және еңбекті қорғау
кафедрасының доценттері, т.ғ.к.