Қазақстан Президенті Азық-түлік жөніндегі жаһандық саммитке қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Африка Одағы мен Еуропа Одағының бірлескен төрағалығымен өткен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитке қатысты.


Жиынға Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель, Испания Премьер-министрі Педро Санчес, Канада Премьер-министрі Джастин Трюдо, Сенегал Президенті Маки Салл, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен және басқа да әлемдік саясаткерлер қатысты.
Мемлекет басшысы бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылы осы форматта өткен соңғы кездесуден бері азық-түлік тапшылығына тап болған адамдардың саны 135 миллионнан 345 миллион адамға дейін өскеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін Қазақстан алдағы уақытта өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.
Атап айтқанда, Президент біздің еліміз астық пен азық-түліктің басқа да негізгі түрлерінің сенімді жеткізушісі болып қала беретінін айтты.
Мемлекет басшысы аштыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырды. Осы ретте, Президент Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен және өңірдегі БҰҰ институттарымен түрлі сатып алу жобалары, соның ішінде Ауғанстан қажеттіліктері үшін ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Президент Қара теңіз астық бастамасын жүзеге асыруды жақтап, азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босатудың, оларды кедей елдерге жеткізуді қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің транзиттік-көлік мүмкіндіктеріне, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетіне тоқталды.
– Алдағы жылдары Қазақстан арқылы жүк тасымалдау көлемі айтарлықтай артады деп болжап отырмыз. Қысқа қарай Қазақстан энергия ресурстары мен аса маңызды шикізат тауарларының тапшылығын азайта алады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент климаттың өзгеруіне және азық-түлік жүйелерінің құрылымдық тұрғыда әлсіздігіне байланысты сын-қатерлерге де тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық транзиттік хаб ретінде жаһандық және тұрақты жеткізу тізбегін құруға қабілетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы нәубет кезінде Қазақстан аштық қасіретін бастан кешкенін, сондықтан азық-түлік проблемаларын шешуге толық мүдделі екенін айтты.