Қазақстан Президенті қарағандылықтарды марапаттады
Республика күні қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен бірқатар азаматтар еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олар еңбек ардагерлері, еңбек әулеттерінің өкілдері, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа салалардың еңбеккерлері, кәсіпкерлер, түрлі мамандықтағы адамдар. Марапатталғандардың арасында Қарағанды облысының 38 тұрғыны бар. Олардың екеуі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Ақордада өткен салтанатты рәсімде марапатталды.

Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Шахтинск қаласының кеншісі Сергей Чернобайға берілді. Ол «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері. Кәсібін әке мен шешеден үлгі алып таңдады, 44 жылдан бері көмір саласында еңбек етіп келеді. Жерасты электр слесарі болып бастаған, ал қазір «Қармет» АҚ көмір департаментінің «Шахтинская» шахтасы учаскесінің бастығы.
«Шахтинскіде» Чернобай отбасы жұмыс істейді. Еңбек батырының жұбайы – көтеру машинасының машинисі. Ата-анасының ізімен екі ұл да кетті. Ал шахтер әулетінің жалпы өтілі 150 жылдан асқан.
– Бұл награда менің отбасым үшін және шахтер өңірінің барлық кеншілері үшін өте қымбат және маңызды, өйткені оны еліміздің тарихындағы маңызды даталардың бірі – Республика күні қарсаңында алдым, – деп атап өтті Сергей Чернобай.

Ақордада «Maker (Мэйкер)» ЖШС электр дәнекерлеушісі Марат Әлібеков ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Марат Әлібеков 22 жасынан бастап сол кәсіпорында еңбек етуде. Өз ісінің шебері және тәжірибелі маман технологиялық процесті жетілдіруге, инновацияларды енгізуге және еңбек өнімділігін арттыруға белсенді қатысады.

Фото: Аkorda.kz
https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1092675?lang=kk
