Қазақстан Пәкістан нарығына $411 млн астам сомаға 80-ге жуық тауар түрін жеткізуге дайын
Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 22 желтоқсанда Исламабадта өткен Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысында хабарлады
Жолға қойылған достық және экономикалық байланыстардың арқасында бүгінде Қазақстан – Пәкістан ынтымақтастығының даму әлеуеті зор. Қазақстан Пәкістанды Оңтүстік Азиядағы маңызды және перспективті сауда серіктесі ретінде қарастырады. Біздің кәсіпкерлер қазақстандық өнімді Пәкістан нарығына, атап айтқанда, дәнді және бұршақты дақылдар, өсімдік майы, макарон, ұн және кондитерлік өнімдерді экспорттауға, ал Қазақстан өз тарапынан жеміс-көкөніс өнімдерін импорттауға мүдделі. Болашақта біздің ел Пәкістан нарығына $411 млн астам сомаға әртүрлі салалардағы өңделген тауарлардың 80-ге жуық түрін жеткізуге дайын», — деді Серік Жұманғарин кіріспе сөзінде.
Вице-премьер екі ел ынтымақтастығының перспективті салаларын атап өтті. Бұл – жер қойнауын пайдалану, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп. Сондай-ақ қазақстандық тарап қазақстандық экспорттаушыларға оңтүстік теңіз порттарына ең қысқа шығуды қамтамасыз ету үшін Оңтүстік Азия нарықтарына жеткізудің көлік-экспорттық бағыттарын әртараптандыруға мүдделілік білдірді.
Үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тараптар 9 құжатқа қол қойды. Атап айтқанда:
– ҚР авиациялық билігі мен ПИР арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
– Пенджаб Банкі мен «Банк ЦентрКредит» АҚ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
– «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «QAZTRADE «ССДО» АҚ, Пәкістанның сауданы дамыту басқармасы (TDAP) және Пәкістанның Инвестициялар жөніндегі кеңесі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
– 2023 жылдың наурыз-маусым айларында Қазақстанға жиынтық көлемі 120 мың тонна болатын картоп жеткізу туралы алты меморандум.
Сондай-ақ қазақстандық тарап пәкістандық NBC (National Logistic Cell) логистикалық компаниясымен кездесіп, Ауғанстан арқылы автомобиль транзиті мәселелерін талқылады. Компания тасымалдауды сақтандыруға және жүктерді Пәкістаннан Қазақстанға ең қысқа маршрут бойынша жеткізуді қамтамасыз етуге дайын екендігін айтты.
Үкіметаралық комиссия отырысымен қатар қазақстандық және пәкістандық бизнестің B2B кездесулері, Бірлескен іскерлік кеңес өтті. Кездесулердің қорытындысы бойынша «Dala Trans» ЖШС және пәкістандық «Haroon Brothers and co» көлік-логистикалық компаниясы Пәкістаннан Қазақстанға тауарлар, сондай-ақ Пәкістан аумағы арқылы теміржол көлігімен және басқа да неғұрлым тиімді мультимодальды маршруттармен мемлекеттер аумағы арқылы транзит үшін жүк ағынын тартуда өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Dala Trans» ЖШС коммерциялық директоры Нұрсұлтан Нәжіметдинов те сапар қорытындыларына тоқталды. Ол Пәкістанның қазақстандық тауарларды жеткізуге қызығушылық танытып отырғанын айтты.
«Біз елдерімізге жүктер транзиті және тасымалдау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық, қазіргі кезде басқа әлеуетті серіктестермен Қостанайдан Хайратонға дейін 2500 тонна ұн және Пәкістаннан жылына 50 мың тоннаға жуық картоп тасымалдау мәселесін талқылап жатырмыз», — деді ол.
«Барыс-2007» ЖШС Бас директоры, Gramad сауда желісінің иесі, макарон және кондитерлік өнімдерді өндіруші Айжан Наимбекова Пәкістанға іскерлік сапары аясында күріш, кондитерлік өнімдер және буып-түю бойынша жақсы ұсыныстар алды.
«Мұнда келісімшарттарға қол қоюға болады деп ойлаймын. Ол үшін біз Қазақстанға келген соң барлық ұсыныстар бойынша шығын бөлігін есептеп, неғұрлым оңтайлы ұсыныстарды таңдайтын боламыз. Пәкістанға макарон өнімдерін жеткізуге болады. Меніңше, біз өзара тиімді келісімдерге қол жеткіземз», — деп санайды Айжан Наимбекова.
Анықтама: 2021 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 2,1 есеге ұлғайып, $95,1 млн-ды құрады (2020 жылы – $45,6). 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша тауар айналымы 8,2%-ға төмендеп, $61,4 млн ( 2021 ж. 10 айында – $66,8 млн) құрады.