Қазақстан мен Netflix-тің бірлескен жобасы

Испанияда Netflix үшін ҚарЛаг туралы фильм түсірілуде. Испан және Қазақстандық жобаның жүзеге асырылуын «Бумажный дом» телесериалының режиссері Мигель Анхель Вивас қолға алған. Фильмде қазақстандық актерлер де ойнайды.

Қазіргі уақытта түсірілім тобы Испанияда, Бильбао қаласының маңында, арнайы фильм үшін жасалған декорациялармен жұмыс істеуде. Бұл фильм көркем туынды болғанымен, авторлардың айтуынша, ол көп жағдайда нақты оқиғаларға негізделген. Бұл тарихи драма. Оқиға ҚарЛагта өтеді, сюжет желісі әртүрлі топтың, соның ішінде испан әскери тұтқындарының, сталиндік лагерьде тірі қалу үшін күресін суреттейді.

– Ең ауыр, сын сағаттарда адам өз қадір-қасиетін сақтай отырып адам болып қалуы мүмкін екенін көрсеткіміз келеді. Және кез келген жанжалда, келіспеушілікте, әрдайым келіссөз жүргізуге болады деген негізгі хабарламамыз бар. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның тарихын әлемнің көп миллиондық аудиториясына таныстыру. Қазақстанның кеңпейілділігі, толеранттылығы және мейірімділігі туралы айту. Себебі, Қазақстан көптеген адам үшін екінші Отанына айналған, – дейді фильмнің атқарушы продюсері Ерлан Бекхожин.

Алғашында фильм Қазақстанда түсірілмек болған, мұнда дайын локациялар бар еді. Алайда, Ерлан Бекхожиннің айтуынша, Қаңтар оқиғасының салдарынан Испанияның сақтандыру компаниялары жобаға сақтандыру беруден бас тартқан. Олардың талабы бойынша фильмді тек Еуроодақ елдерінде түсіру қажет болған. Сондықтан, шығармашылық топ архивтік құжаттарды зерттеп, тарихшылармен кеңесіп, декорациялар мен костюмдерді жасауға көп уақыт жұмсаған. Олар ҚарЛаг музейінде де бар еді.

– Олар келіп, бізде испан әскери тұтқындарына арналған көрмені көрсеттік. Бізде Спасскіде болған испан тұтқындары туралы көп мәлімет болды. Біз олардың суреттерін түсіріп, карточкалар жасай бастадық. Дегенмен, сол кезеңнің ақпараттары барынша құпия болып, тек 80 жылдардың соңында архивтер ашыла бастады, – дейді «ҚарЛаг» музейінің сақтаушысы Марина Клышникова.

Испанияда қазір ауа температурасы +16 және күн жарық болса да, экранда түсірілім тобы лагерьде қыс мезгілін көрсетуі қажет. Фильмнің жұмыс атауы «Перемирие». Жобаны әлемге әйгілі «Бумажный дом» сериалының режиссері Мигель Анхель Вивас басқарып отыр. Фильмнің актерлері арасында испандық жұлдыздар Мигель Эрран (Рио рөлін сомдаған) мен Аарон Пиппер (Андреа Муньос рөлімен танылған «Элита» драмасынан) бар. Сондай-ақ, қазақстандық актерлер Дина Тасбулатова, Алтынай Ногербек, Сергей Уфимцев және Фараби Аккозов та бар.

– Мигель Анхель түсірілім алаңында өте мұқият жұмыс істейді. Камера әрбір эпизодты, әрбір актерді зерделей түсіреді, оны көрген өте қызықты. Аарон Пиппердің Инстаграмында 11,5 миллион жазылушы бар. Бұл мен үшін жаңалық болды, тек Еуропада емес, Қазақстанда да жастар оның танымалдылығынан есінен танып кететінін білмедім. Рио да өте танымал актер, оны да көру қызықты. Бұл еуропалық жұлдыздардың арасында біздің жұлдыздар да жоғары бағаланып, еуропалық әріптестеріміз де бізбен мақтанады. Біз де осыған өте мақтанамыз, – деп атап өтті Ерлан Бекхожин.

Фильмнің тапсырыс берушісі Netflix, бірақ оның жобасы көп пікірталас тудырғаны белгілі. Дегенмен, авторлар фильмде ЛГБТ тақырыптары болмайтынын айтады.

– Netflix сұранысқа ие өнім шығарады, бұл бизнес. Ал біздің фильм классикалық, өте салмақты, ойлантатын, тарихқа көзқарас ұсынатын фильм болады. Яғни, бұл көпшілікке арналған фильм емес, интеллектуалды аудиторияға арналған. Бірақ тарих тұрғысынан алғанда, бұл жоба кез келген аудиторияға қызықты болады деп ойлаймын, – дейді фильмнің атқарушы продюсері.

Фильм түсірілімі 2,5 айға созылады. Ол негізінен испан тілінде сөйлейтін аудиторияға бағытталған, бірақ түсіру тобы бүкіл әлем бойынша прокатқа шығуды және фильмді беделді кинофестивальдерге ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстан кинематографиясының Netflix-пен алғашқы бірлескен жобасы және қазақстандық команда бұл серіктестіктің жаңа мүмкіндіктер ашатынына үміт артады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»