Қазақстан мен Еуропалық одақ визалық режимді жеңілдету мәселесін талқылайды
Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «Қазақстан – Еуропалық одақ» ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысына қатысты. Жиында бүгін тараптар Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесін талқылайтыны белгілі болды, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
СІМ басшысы Ермек Көшербаев пен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың төрағалығымен өткен кеңесте адамдар арасындағы байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылған.
«Тараптар 2 желтоқсанда Брюссельде ҚР азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді бастауды құптады.
Бұл қадам гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, студенттер, ғалымдар мен кәсіби мамандар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, сондай-ақ азаматтардың мобильдігін арттыруға елеулі үлес қосады», — делінген хабарламада.
Кездесу барысында Ермек Көшербаев пен Кая Каллас саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда мен инвестицияларды дамытуға, өңірлік өзара байланыстылықты арттыруға және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге бейілді екенін растаған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл наурызда Астанаға жасаған сапарында Кая Каллас Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын мәлімдеген еді.
Қазақстан мен Еуропалық одақ визалық режимді жеңілдету мәселесін талқылайды

