Қазақстан – Еуропа одағы: Берік достық пен сан қырлы ынтымақтастық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен кездесу өткізді.

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Табысы мол онжылдық серіктестік
Келіссөз барысында Қазақстан Президенті Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл сапардың рәміздік мәнге ие екеніне тоқталды. Еліміз – Еуропа одағымен осындай тарихи келісім жасаған өңірдегі тұңғыш мемлекет.
– Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогіміз ортақ мүддемізге сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы орайда бірнеше күн бұрын Брюссельде өткен «ЕО – Қазақстан» ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесіне жоғары баға беремін, – деді Мемлекет басшысы.
Еуропа одағы – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы шамамен 50 млрд долларға жетті. Ал 2005 жылдан бері елімізге келген инвестицияның жалпы көлемі 200 млрд долларға жуықтады. Еуропа одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Президент энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіп салаларында қызмет ететін 4 мыңнан аса еуропалық компанияның экономикамызға қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның еуропалық бизнеске тұрақты әрі ашық инвестициялық климатты қамтамасыз етуге бейіл екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша назар аударып, Еуропа одағының білім беру бағдарламаларына ризашылығын білдірді. Оның аясында 5 мыңнан аса қазақстандық студент пен оқытушы Еуроодақ елдерінде білімін жетілдіріп, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.
Мемлекет басшысы визалық режімді жеңілдету және реадмиссиялар туралы келісім жасауға дайындық жұмыстары басталғанын құптады.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропа одағы мен Орталық Азияның С5+ЕО форматындағы белсенді диалогін қуаттайды. Аталған платформа орнықты өсім және өзара байланыс саласындағы ортақ мүдделерді ілгерілетуге жол ашты. Мемлекет басшысы С5+ диалогі аймақты дамытудағы басымдықтарды жүзеге асырудың тиімді тетігіне айналғанын жеткізді.

Антониу Кошта қонақжайлылық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді Сонымен қатар Қазақстан мен Еуропа арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Еуроодақтың елімізбен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.
– Кейінгі 10 жылда Еуропа одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін ел ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз, – деді Еуропалық Кеңес Президенті.
Мәртебелі мейманның айтуынша, Еуропа одағы мен Қазақстан БҰҰ Жарғысында бекітілген мультилатерализм мен халықаралық тәртіп құндылықтарына арқа сүйейтін бейбітшілік ұстанымын жақтайды. Еуропалық Кеңес басшысы әлемдегі қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өрлеуді қамтамасыз ететін күш-жігер дәл осы қағидатта көрініс тапқанын жеткізді.
Антониу Кошта Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық қазіргі көпжақты әлемдегі қарым-қатынасты ілгерілетудің маңызды факторына айналғанын атап өтті. Бұл ретте ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кавказ аймағындағы бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның пікірінше, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету Кавказ және Қара теңіз арқылы Еуропаға шығатын Транскаспий көлік дәлізін дамытуға тың мүмкіндік береді.
Кездесуде екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелері қарастырылып, көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы секілді перспективті бағыттарға баса мән берілді.
Мәртебелі мейманды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаның Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы серіктестікті нығайтуға қомақты үлес қосқанын атап өтті.

– Екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бұл қос тарапқа да пайдасын тигізе отырып, ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге жол ашты. Биыл Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің қабылданғанына 10 жыл толды. Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынастың өзегіне айналған бұл маңызды құжат сындарлы әрі болашаққа бағдарланған байланысты бекіте түседі. Президент Кошта мырза, өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге белсене атсалыстыңыз. Сіз – Қазақстанның сенімді досы және әлемдік деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Сіздің парасатты басшылығыңыз бен берік ұстанымыңыз, сындарлы диалог жүргізуге ниет танытуыңыз Еуропадағы бірлікті нығайтуда және әлемдегі барша серіктестермен мазмұнды ынтымақтастықты дамытуда маңызды факторға айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы серіктестікті тереңдетуге Антониу Коштаның қосқан үлесін жоғары бағалады.
– Құрметті Президент мырза, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін табыстау мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданы Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы берік достықтың жарқын белгісі, Сізге көрсетілген құрметіміз ретінде қабыл аласыз деп үміттенемін. Қазақстан мен ЕО арасындағы табысты серіктестіктің одан әрі дамып, достығымыздың беки беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еуропалық Кеңес Президенті бұл марапатты Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы берік достық пен сан қырлы ынтымақтастықтың рәмізі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
– Бүгін көрсеткен құрметіңізге дән ризамын. Мұны сенім мен диалогті нығайтудың, тұрақтылықты, өркендеуді және ашықтықты қамтамасыз етуге ортақ ұмтылысымыздың көрінісі деп бағалаймын. Құрметті Президент мырза, халықтарымыз бен тұтас аймақтың игілігі үшін бірлескен жұмысты алдағы уақытта да белсенді түрде жалғастырамыз деп ойлаймын, – деді Антониу Кошта.
Экономикалық серіктестіктің маңызы зор
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта бірлескен мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргізілгеніне, кездесу емен-жарқын, достық рәуіште әрі конструктивті сипатта өткеніне тоқталды.
– Қазақстан мен Еуропа одағын өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты ынтымақтастық байланыстырады. Біз көптеген мәселені қарастырып, серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға ниетті екенімізді растадық. Әлгінде айтқанымдай, Президент Антониу Коштаның елімізге сапары Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде «жаңа буын» келісіміне қол қойып, ратификациялаған алғашқы ел. Бұл маңызды құжат екіжақты қарым-қатынастың өрбуіне негіз қалап, сауда, инвестиция, инфрақұрылым, инновация, мәдениет салалары секілді өзара ықпалдастықтың барлық басты бағыттарын қамтыған, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, талқылауға арқау болған негізгі тақырып – экономикалық ынтымақтастық.
– Бүгін біз сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі арттыруға және әртараптандыруға уағдаластық. Қазақстан алдағы уақытта да еуропалық бизнес өкілдеріне тұрақты әрі ашық инвестициялық климат қалыптастыруды жалғастыра береді. Энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, цифрлық технология және көлік байланысы секілді салаларда ынтымақтастыққа мүмкіндік мол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында көлік-логистика қатынастарын нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға бірлесе күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылғанын атап өтті.
– Бұл ретте Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы үйлестіру платформасының жұмысын, сондай-ақ ЕО-ның «Global Gateway («Жаһандық қақпа») бастамасын құптаймыз. Қазақстан Еуропа одағының Орталық Азия елдеріне арналған 12 млрд еуро көлеміндегі инвестициялық пакетіне қолдау білдіреді. Бұл қаржы көлік, шикізат ресурстары, «жасыл» энергетика және цифрлық технология жобаларын іске қосуға бағытталады. Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыра алатынымызға сенімдіміз. Бұл барлық тарапқа да пайдалы. Бұдан бөлек, біз энергетикалық қауіпсіздік пен энергия ресурстарының тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқыладық. Энергетикалық серіктестіктің тың бағыттарында, атап айтқанда, аса маңызды минералдар, атом энергетикасы, мұнай химиясы, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздері салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық. Мақсатымыз – шикізат жеткізіп қана қоймай, Еуроодақ стандарттарына сай табиғи ресурстарды терең өңдейтін жергілікті өндірістерді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару әрі қалдықтарды өңдеу арқылы Қазақстанның еуропалық жеткізу тізбегімен интеграциясын күшейту, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында цифрландыру бағытындағы ықпалдастықты арттыруға айрықша мән берілгенін жеткізді.
– Қазақстан мен Еуропа одағы өзара тәжірибе алмасу және технологияларға инвестиция салу арқылы анағұрлым инклюзивті әрі заманауи цифрлық экономиканы құруға кірісті. Елдеріміз «Team Europe Initiative on Digital Connectivity» («Еуропа командасының» цифрлық байланыс жөніндегі бастамасы) аясында жерсерік арқылы интернетке қауіпсіз қосылу, әсіресе, ауылдар мен шалғай елді мекендердің ғаламторға қол жеткізуі бойынша әріптестікті жолға қойды. Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа одағының алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыруға келістік. Бұл стартаптар, технология зерттеушілері және цифрлық сала кәсіпкерлері бас қосатын алаң болмақ. Қазақстан Еуропа одағының дүние жүзінде қауіпсіз әрі сенімді цифрлық байланысты қамтамасыз етуге бағытталған «Horizon Europe» бағдарламасы мен «Global Gateway» тұжырымдамасын жоғары бағалайды. Біз осы үдеріске белсенді атсалысқанымызды мақтан тұтамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Барыс-келіс пен алыс-беріс жиілейді
Сондай-ақ ұзақмерзімді әрі табысты серіктестік үшін адамдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор екеніне назар аударылды.
– Білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларында бізге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа одағына ризашылығымды білдіремін. Мыңдаған қазақстандық жастар ЕО бағдарламаларына қатысып, соның ішінде Erasmus+ аясында білім алып жатыр. Еуропа одағы осындай байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан университеттер арасындағы серіктестікті тереңдету, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және біліктілік деңгейін өзара мойындау арқылы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға әзір. Сонымен қатар азаматтарымыз үшін визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша Еуропа одағындағы серіктестермен ықпалдастық жалғасады деп үміттенеміз. Өзара барыс-келісті оңтайландыру білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге, іскерлік белсенділікті жандандыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Еуропа одағы БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады.
– Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне баса мән берілді. Бұл орайда «Орталық Азия – Еуропа одағы» диалог платформасы өзара байланыс, сауда, көлік, экологиялық таза энергия, су ресурстарын басқару және цифрлық трансформация салаларындағы маңызды міндеттерді шешуде тиімді құралға айналды деп санаймыз. Бүгінгі кездесу серіктестігіміз жаңа кезеңге қадам басып, стратегиялық маңызға ие бола бастағанын айғақтады. Өзара ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары, келешегі зор. Қол жеткізілген уағдаластықтар көп ұзамай нақты жобалар мен бастамаларға ұласады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Антониу Кошта Еуропа одағы мен Қазақстанның серіктестігі нақты нәтиже беріп отырғанына назар аударды.
– Осы аптада Брюссельде визалық режімді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады. Бұл халықтарымыз арасындағы достықтың нағыз рәмізіне айналады, – деді ол.
Еуропалық Кеңес басшысы Самарқанд қаласында өткен «Еуропа одағы – Орталық Азия» саммитінің нәтижесінде өңіраралық серіктестікті стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Алқалы жиында көлік, энергетика, климат, су ресурстары, аса маңызды шикізат материалдары, цифрландыру және халықтар арасындағы байланысты кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіленгенін еске салды.
Сондай-ақ Антониу Кошта халықаралық тәртіпке қауіп төндірген жаһандық шиеленістер мен қақтығыстар кезеңінде күш-жігерді ортақ мақсатқа жұмылдыру маңызды екеніне тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, Еуропа одағы соғысты тоқтату үшін Украинамен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз серіктестерімізбен бірге Украинада әділетті және мызғымас бейбітшілік орнату ұстанымын әрдайым қолдаймыз. БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тәртіпті дәйекті түрде қорғап келе жатқан Қазақстан тарапына алғыс айтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі белсенді әрі конструктивті әрекетін, атап айтқанда, Сіздің Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге көрсеткен қолдауыңызды құптаймыз. Бейбіт әрі өркендеген Оңтүстік Кавказ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдетуде аса маңызды рөл атқарады, – деді Еуропалық Кеңес басшысы.
Сонымен қатар мәртебелі мейман Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалармен үйлесім тапқан Қазақстан қоғамының өрлеу қарқыны өзара ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге негіз болады. Біз бірлесе отырып, қазіргі сын-қатерлерді халықтарымыздың келешегіне қызмет ететін ортақ мүмкіндіктерге айналдыра алатынымызға сенімдімін, – деді Антониу Кошта.
