Қазақ өнерінің қыран құсы
Ертеден елге қоныс, малға өріс болған Қарқаралыны алтын аймақ десе де болады. Кие мен қасиет қатар қонған сұлу өңірдің, ақын Қасым айтқандай, топырағы да тербеліп, тебіреніп жатады-ау… Ескі замандағы билер мен батырларды, шешендер мен ақындарды, жыршылар мен күйшілерді, сөзі мен ісі келіскен дала бекзадаларын былай қойғанда, кешегі кеңестік дәуірде де бұл топырақтан талай-талай тұлға шыққан екен. Солардың бірі, бірегейі – Қалибек Қуанышбаев.
1893 жылы маусым айында сайын далалы Сарыарқаның Қарқаралы аймағындағы Сарытау дейтін шағын бір ауылда дүниеге келген шақалаққа Қалибек деп есім берген әке-шешесі кедейлеу адамдар болса керек. Дегенмен «болар бала…» отбасындағы әлеуметтік жағдайларға байланбай, өзінің еті тірілігімен ерте ержетеді ғой. Сондай елгезек болған Қалибек те жастайынан домбырамен ән салып, ел ішіндегі күлдіргі сөздерді теріп, ауылдың әзіл-қалжыңдарын ерекше мәнермен орындап жүреді. Өз жанынан да түрлі тақпақ, өлеңдер жазып және оны жұрт алдында сықақ түрінде күлдіргі қылып жеткізе алатын. Осындай дала сахнасында өз бетінше машықтанған, өнерге құштар жас өреннің 1914 жылы атақты Қоянды жәрмеңкесіне келуі де тұма бұлақтың көзін ашқандай, талантының тұсауын кескендей болғаны да рас. Даңқы дүрілдеген жәрмеңкеде Қалибек сол кезеңнің әйгілі әнші-ақындарын, балуан-серілерін көріп, оларға шәкірт болып, бірге өнер де көрсете бастайды. Атап айтқанда, Қали Байжанов, Майра Уәлиқызы, Иса Байзақов секілді әйгілі әнші-ақындар, Қажымұқан тәрізді алып балуандармен бірге елге өнер көрсетуге жарайды. Сонда белгілі өнерпаздармен қосылып Қалибек те өзі шығарған неше түрлі тақпақ, өлеңдер оқып жиылған жұртты мәз-мейрам етіпті. «Қыз ұзату», «Өгіз сату», «Қой күзету», «Қарабай – Сарыбай», «Қу Құдай» деп аталатын күлдіргі шығармаларын сол кезеңде жазып, өзі орындайды. Сықақ әңгімелерінің негізгі мазмұны: ауыл тұрмысының мешеулігі, кейбір би-болыстардың халықты зар жылатқан озбырлығы, қиянатшыл саудагерлер мен көзбояушы молдалар, парақор шенеуніктер, төрелер мен тілмаштарды сынау т.б.
1925 жылы Қалибек Қызылорда қаласында жаңадан ашылған қазақ драма театрына шақырылады. Актерлік өнерге алғаш қадам басқан осы театрдан басталған еңбек жолы оны өзінің әріптестері мен достарымен бірге қазақ драма театрының негізін қалаушылардың біріне айналдырды. Сол Қызылорда театрынан бастап, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 150-ден аса рөлді сахнада сомдаған. Әр түрлі рөл, әр қилы характерлі бейне. Қазақтың ұлттық драмалық туындылары, орыс классиктері және әлемге танымал Батыс Еуропа классиктерінің шығармаларынан образдар ойнап, кәсіби шеберлігін шыңдайды. Ойнаған рөлдердің қатарында В.Шекспирдің «Асауға – тұсау» спектаклінде Бабтисий, Н.Гогольдың «Ревизорындағы» Городничий, Н.Островскийдің «Мысыққа күнде той бола бермес» комедиясындағы Ахов, Б.Чирсковтің «Жеңімпаздарында» армия генералы Виноградов секілді ірі образдар бар еді. Қалибек Қуанышбаев жасаған Абай образы, Құнанбай образы, Абыз бейнесі, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» мылқау рөлдері қазақ сахнасындағы классикалық образдардың шыңы болды. Қазақ кино өнерінің жарық жұлдызы Шәкен Айманов: «Қалибек Қуанышбаевпен шығармашылық достығым менің өнерім үшін сарқылмас бұлақтың көзінен нәр алғандай боп көрінеді. Сахнада болсын, кино түсіретін камера алдында болсын ол мен үшін камертон еді. Кейде бұрыс жолға түсіп бара жатсам, Қуанышбаев лебізін естігенде қайта дұрыс жолға оралушы едім. Қуанышбаев біздің шығармашылығымызға халық өмірінің сыр-сипатын әсем енгізді. Міне, менің Қуанышбаевты өз әкемнен бірде-бір кем көрмей сүйетінім сондықтан…» – деп жоғары баға береді.
Жасынан күлдіргі сөз бен қызық қимылдарға құмар, әзіл-қалжыңға өте жақын Қалибекті достары «Қаллеки» деп атап кеткен. Сөйткен Қаллекиді «театрға артист болып енген емес, ол – артист болып дүниеге келген адам» дейді екен әріптестері. Халқы сүйіп «Қаллеки» деп еркелеткен, өзінің қатарластары мен кейінгі толқынға ұстаз бола білген алып актердің өмірдегі болмысы мен өнердегі сахналық образын айтқан замандастарының сөздеріне құлақ түрсек: «Қалибектің талантының күші, дарынының дарқандығы неде? Мектептен бе? Жоқ, ол оқымады. Оның құдірет күші ақылының зердесі мен жүрегінің қалауында, туған халқының тағдырымен тамырластығында. Қалибек өз халқының тірі бейнесі еді», «Оның ол шақтағы атағы артист емес-тін. Өйткені мұның туған халқының тарихи болмысында ондай кәсіп те жоқ, тілінде ондай атау да жоқ болатын. Бірақ Қарқаралыдан қанат қаққан жас қыран Қалибек Қуанышбаевтың сол кезде ел ішіндегі озбырларға, алаяқтарға қарсы қолданылатын мірдің оғындай бір құралы бар-ды. Ол құрал халық атаулының көп ғасырларда үнемі қолданылып келген құралы, мұқалмас құрал болатын. Сол құралдың аты халықтың күші, халықтың мысқыл, ажуасы еді», «Қазақтың поэзия әлемінде Абай қандай болса, сахна әлемінде Қалибек жайнап тұрған жұлдыздай, айрықша бір ұлттық құбылыс, кеңес театрының мақтанышы болатын», «Алатаудың қатар тұрған қос шыңындай Қалибек пен Күләш қазақ театрының көркі еді ғой». Бұл – әріптестері мен достарының, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ұлттық өнер тарландарының, театр мен кино сыншыларының Қалекеңнің өмірде бар кезінде, көзі тірі уақытында айтылған ыстық лебіздері, берген бағалары. Айта кететін бір жайт – Кеңес Одағының күншығыс республикалары театрларының тарихында шыққан тұңғыш монография «Қалибек Қуанышбаев» деп аталыпты. Мұхтар Әуезовтің «Халық артисі», Шәкен Аймановтың «Біздің Щепкин», Елубай Өмірзақовтың «Қайран біздің Қаллеки», Кәукен Кенжетаевтың «Асылдар мен ардақтылар», Тұрсын Жұртбайдың «Қалибек Қуанышбаев» секілді деректі хикаят, танымдық мақалаларында біз іздеген Қаллекидің тұлғалық портреті тұнып тұр екен. Бір ғажабы – Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан, Ғабит Мүсірепов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Күләш Байсейітова, Шәкен Айманов, Әбікен Хасенов, Жүсіпбек Елебеков, Асқар Тоқпанов сияқты өнер қайраткерлерінің алдында тұрған алып тұлға, ұлы актер Қалибек Қуанышбаевтың ұлттық өнерге қосқан өлшеусіз үлесін мына көрсеткіштерден-ақ көруге болады. 1934 жылы Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген артисі атағы беріледі. 1936 жылы Қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Сол жылы Қазақ КСР-ның халық артисі атағын алған. 1937 жылы «Амангелді» фильміне түскен. 1942 жылы М.Әуезов, Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясындағы» генерал Панфиловты сомдаған. 1945 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1946 жылы «Ленин» орденімен марапатталған. Осы жылы «Абай» фильміндегі Абай бейнесінде киноға түседі. 1946-1959 жылдары Қостанай облысы еңбекшілерінің атынан қатарынан үш рет КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1953 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1958 жылы КСРО халық артисі атанған. Өзінің жеке шығармашылығын қамтитын 1936 жылы шыққан «Түйреуіш», 1962 жылы жарық көрген «Шаншарлар» атты кітаптары бар.
Бар саналы ғұмырын, жан-жүрегін өнерге, театр сахнасына арнаған ұлы актер Қалибек Қуанышбаев, елінің еркесі Қаллеки 1968 жылы 6 маусымда 75 жасында өмірден озған.
Кино мен театрдың тарланбозы, сахна саңлағы, даланың дара дарыны, табиғатынан аса талантты, өнер құбылысына айналған Арқа актері кейде қиналып, қысылған шағында: «Уа, жалған-ай, Талдының суын бір жұтып, самалына кеудемді тосып, сонау алыста көк мұнарланған Қарқаралының басындағы жел шайқаған қарағайларға бір қарасам, шіркін… Көкіректегі шерлі мұң ыдырар еді-ау!» – дейді екен. Осынау мұң ұялаған сағынышты сөздер туған жердің, аяулы атамекеннің тартылыс күшін аңғартқандай.
Дәл солай, Қарқаралының өнер қыраны Алаштың асқар биігінде самғады. Аңызға айналған алып тұлғаның рухы шат болып, бәрімізді желеп-жебеп жүрсе екен деген тілегімізді білдіреміз.
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
журналистика кафедрасының аға оқытушысы