«Қазақмыс» өңірге қамқор: Қарағанды облысында төрт әлеуметтік жоба іске асады
Қарағанды облысында әлеуметтік инфрақұрылым тағы да жаңармақ. Бұл жолы өңірдің дамуына ірі қолдау «Қазақмыс» корпорациясынан келді. Компания жалпы құны 20 миллиард теңгені құрайтын төрт маңызды жобаны қаржыландырады.
Аталған келісімге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев қол қойды. Келісім Балқаш пен Қарқаралы қалаларындағы жаңа әлеуметтік нысандарды салу мен қайта жаңғыртуға бағытталған.
Компанияның орнықты даму және коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры Сәкен Шаяхметовтің айтуынша, Балқашта дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен балабақша салынып, Хамзин атындағы Мәдениет сарайы жаңартылмақ. Ал Қарқаралыда Балалар мен жасөспірімдер сарайы бой көтереді.
— Бұл жобалар жер телімін бөлуден бастап, ғимараттарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді қамтитын жол картасына енгізілді, — дейді Сәкен Шаяхметов.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жобалардың сапалы жүзеге асуы үшін нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде міндетті түрде бассейн мен үстел теннисіне арналған зал болуы тиіс, сондай-ақ нысан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін толық қолжетімді болуға тиіс.
Сонымен қатар, Хамзин атындағы Мәдениет сарайын қайта жаңғырту жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп, ғимараттың тарихи келбеті сақталуы керек екенін атап өтті. Балқашта салынатын жаңа балабақша да тұрғындардың сұранысына сай болмақ — ол жаңа мектеп маңында бой көтереді.
Барлық жобаларды іске асыру мерзімі 2027 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы тұрғындар игілігі үшін әрбір әлеуметтік нысанның сапасына баса мән беретінін жеткізді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»