Аяулы жан – ауыл мейірбикесі

12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні. Бұл – адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіріп, олардың кәсіби еңбегін ұлықтайтын айтулы күн.

Мейірбике болу – тек мамандық емес, ол – жүрек қалауы мен жан қалауынан туындайтын миссия. Олар – өз өмірінен гөрі өзгенің өмірін биік қоятын, қиын сәтте өлім мен өмірдің арасында тұрған жандарға араша бола алатын ерекше жандар. Осындай сауапты қызметімен ел алғысына бөленіп жүрген жанның бірі – Қарқаралы ауданына қарасты ауыл мейірбикесі Гүлмира Омарова.

Бүгінде елудің асуына қадам басқан Гүлмира Омарова медицина саласына келуі – тағдырлы таңдау. Бала күнгі арманына адал болған ол, 30 жасында Қарағанды медицина колледжіне оқуға түсіп, кәсіби жолын кеш бастайды. Балалары ер жеткен соң, енді өз арманын жүзеге асыруға бел буған Гүлмираның бұл әрекеті – жастың шектеу емес екенін дәлелдейтін өмірлік өнеге.

Оқу орнын тәмамдағаннан кейін туған ауылына оралған ол, ауылдық жердегі мейірбикелік қызметтің ауыртпалығына қарамастан, жан-тәнімен еңбек етіп келеді. Ауылда дәрігер аз болғандықтан, қай науқас болсын – бәрі алдымен мейірбикеге жүгінеді. Демек, мұндағы жауапкершілік те, күрделілік те әлдеқайда жоғары.

– Кез келген мамандықты жүрекпен таңдап, іске кіріссең – ешқашан кеш емес. Медицина – менің бала күнгі арманым болатын. Сол арманымды есейгенде жүзеге асырдым. Адамға екінші өмір сыйлайтын, үміт беретін бұл сала – менің өмірлік миссияма айналды, – дейді Гүлмира Омарова.

Медицина жолы – тосын сәттер мен сындардан тұратын күрделі бағыт. Ондай оқиғалардың бірі Гүлмира Омарованың да басынан өткен. Қыстың қақаған аязында ауыл мен аудан арасын қар басып, жол жабылып қалған кезде бір жүкті әйел толғата бастайды. Ауданға жеткізу мүмкін болмағандықтан, Гүлмира Омарова үлкен жауапкершілікпен әйелді өзі босандырып алады. Бұл – мейірбикенің кәсіби ғана емес, адами ерлігі де еді. Сол күннен бастап оның аты ауылда үлкен құрметпен атала бастады.

Ауылдың зейнеткер тұрғыны Майра апай мейірбике жайлы былай дейді:

– Жас келген соң ауру-сырқау көбейеді. Біз дәрігерді жиі шақырамыз. Бірақ Гүлмираның бірде-бір рет ренжіп, шаршадым дегенін естімеппіз. Әрқашан жайдары, жылы жүзбен қарсы алып, жылы сөз айтып шығарып салады. Адамның жүрегі қандай таза болса, оның мамандығына деген махаббаты да сондай таза.

Бүгінде Гүлмира Омарова – ауыл тұрғындарының ақылшысы, қамқоршысы, қажет кезінде қасынан табылар сенімді жан. Ол тек білікті мейірбике ғана емес, аналық мейірімімен жастарға бағыт-бағдар беріп, сабыр мен жауапкершілікті үлгі етіп келеді.

Гүлмира мейірбике – ауыл медицинасының тірегі, науқастардың жүрегіне үміт, жүзіне күлкі сыйлай алатын үлкен жүректі жан. Оның есімі – ақ халатты абзал жандардың шынайы символы.

Ералы ҒАНИ,

«QH»