АЯНИ ХАТ

Оқырманның талғамы жоғарыламайынша, автордың дүниесі туыстық, достық, әріптестік деңгейде ғана бағаланатын болады. Шынайы оқырмандар саны некен-саяқ. Оның өзі – интеллигенция өкілдері. Тағы да уақыт пен тарихтың еншісіне қалдырамыз. Бірақ тарихтың өзі биліктің қойын дәптеріне айналды ғой. Дегенмен…

«Трамвайлар қайтып келмейді» – балалық шақтың енді қайтып оралмайтындығын айтқысы келген өлең. Трамвай – жай ғана деталь. Кейіпкердің балалық шағы трамвайға мініп кетті. «Қимастық кейде кернейді,

Қимастық маза бермейді.

Балалық мініп кеткен сол,

Трамвайлар қайтып келмейді».

Автор балалық шақ туралы бұл өлеңмен ғана тоқтамайды. «Көк трактор» деген өлеңі бар. Лирикалық шегініс жасау арқылы тағы да:

«Көк шалғында көк трактормен зулатып,

Үлкен үйге жетем солай шулатып.

Еркеліктен ес ауысып жүруші ек,

Қазір қайда кетіп қалдың, қу бақыт», – деп жырлайды.

Аңсау, сағыныш, балалық шақ. Кейіпкер – сол бала. Бірақ бұл – көк тракторын күтумен қалып қойған бейне. Қимайды балалық шақты. Бұл ақынның жасын ескеретін болсақ, оның қазір екі кейіпкері бар: бірі – өзі, бірі – сүйкімді балақай. Екі өлеңнің бір-бірімен байланысуы автордың дүниетанымынан сүйкімді балақайдың кетпеуі болып отыр. «Абайдың көз жасында» да сол кейіпкер. Бірақ айтар ойы мүлде бөлек. Өлеңдегі тентек баланың жасаған «күнәсі» – білмей жасалған «күнә». Бұл өлеңде де сол өткенді еске алып, өзіндік пайым жасайды. «Қар жауып тұр», «Қарашоқы-Қарағанды» атты өлеңдері де сол идеяның шырмауынан шыға алмаған. Бұл бір делік. Енді кейіпкердің есейген шағына көз жүгіртейік. Ол кейіпкер – Перизат. «Өртеніп кетем мен іште,

Аңдатпай кел де сүйіп кет.

Қанаты қара періште,

Ақ періштелерден биіктеп». Бұл – «Қанаты қара періште» өлеңінің түйіні. «Қара періште де бола ма?» деп сұраулы жүзбен қарамаңыз. Ол шынымен-ақ періште шығар? «Қара» атауы елдің өсегі мен балағат сөзінен туындап отыр. Қара – жұрттың жаққан бояуы. Сенбесеңіз, өлеңді оқыңыз. Перизат «Мона Лизаның» ішінде жүр. «Леонардо да Винчи Мона Лизаның ернін салуға 17 жыл уақытын жұмсаған екен», – депті эпиграфына. Ал деректер бойынша, ұлы суретші Мона Лизаның ернін салуға 12 жыл жұмсаған екен. Автор нақты деректерге сүйенбеген көрінеді. Бірақ ол маңызды емес. Да Винчи ғұмырының тағы бір бес жылын бір ғана ерінді салуға жұмсаса, өліп кетпес. Бірақ бұл өлеңді алып тұрған – соңғы шумағы ғана:

«…Табиғат тұрса ұйып көктемге,

Ақтармаушы едім күйікті өткенге.

Перизатымның ерні, шіркін,

Он жеті өлеңге сыйып кеткенде». Осымен тәмам. Перизат – Ләйлә де, Лаура да емес. Перизат – сұлулықтың ханшайымы! Оның жынысы жоқ. «

Пендесің деуге жоқ менің хақым,

Сезімге тарлау кең дала.

Сұлуды сүйген қаншама ақын,

Перизатты сүйген – мен ғана», – деуінің себебі сонда жатыр.

Азаматтық лириканың ішінде «Тұтқын» өлеңінің алатын орны ерекше. Өлеңнің түйініне қараңыз:

«Қарлаг – біздің санамыз ғой, жан аға,

Сана әлі түрмеде».

Болды. Ақыл жеткенмен, сана жетпес дейді ақын. Бальзактар мен Гогольдар өз қоғамының персонаждарын романға кіргізді. Ақын да айналысындағы жарты ми, жарты бас пенделерге налып, лоқсиды. Жеріді. Хемингуэйдің: «Адамды қанша жаншып тастасаң да, бәрібір жеңе алмайсың», – дейтіні сондықтан. Қарлаг – қасірет алаңы. Қаншама тұтқынның тағдыры жатыр. Бірақ олар жеңілген жоқ. Жеңілгені тек – сана. Таласбек Әсемқұлов айтпақшы, «соғыс тектілерді жойып, тексіздерді қалдырды». Осы дүниелердің барлығын қамти келе, автордың «сана әлі түрмеде» деуі – заңдылық. Ақынның «Жауап» деген өлеңі бар. Оқып көрелік:

«Кейпі өзгерген келімсектердің,

Достарың қара, жауың ақ.

Темір іздеген терімсектерің,

Мақтамен жатыр бауыздап, – деп бастап:

– Бұл елге бар ма жұқпаған азап,

Сынбаған тұғыр сына ма?

Мағжанның тілін ұқпаған қазақ

Менің тілімді ұға ма?..

Көрмеген ешкім рухымды құртып,

Түбінде бағым шабады.

Мың жылда үнсіз жататын мылтық,

Бір күнде ата салады», – деумен тоқтайды. Тәмам. Ештеңе байқамадыңызба?

«…Қайран жұртың қазағыңа өйткені,

Мен түгілі, сенің сөзің өтпеді».

Бұл – Ақсұңқарұлының «Мағжанға хат» атты өлеңі. «Көшіріп алыпты» екен деп байбалам салмай-ақ қойыңыз. Бір ойды қайталап тұрғандығы анық. Бірақ қараңыз. Қазақ әдебиетінде миллионнан астам шығарма бар делік. Миллионнан астам. Бір-бірін қайталамау – мүмкін емес дүние. Тіпті, Бальзактың «Шагреновая кожа» атты романын «Фаустың» француздық нұсқасы ғана деуге болады. Нүктесі осы болсын.

«Дүниені келемін дүрліктіріп,

Біреу маған «тентексің» десе ғой деп», – деген жолдары бар екен. Бұл жердегі «тентек» сөзі бір ғана мағына беріп тұрған жоқ. Ойланып көріңіз.

 P.S.

Баяғыда Тәкен Әлімқұлов Тахауи Ахтановтың шығармасын тас-талқан қылып, жоққа шығарған көрінеді. Тахауи тек үнсіздікпен ғана жауап берген екен. Тәкен сонда: «Тахауи мені 1:0-мен жеңді», – депті.

Ерболат ҚУАТБЕК, «QH»