Автобустағы жанжал
10 теңге үшін қорланған. Қарағандыда автобус бақылаушысы жасөспірім қызды жұрт алдында қолайсыз жағдайға жеткізген. Себебі оның картасында жолақы төлеуге ақшасы жетпеген. Ашуланған ана сотқа баруға дайын. Жанжалдың себебі неде және балаларды орта жолда тастап кеткен тасымалдаушыға қандай жауапкершілік жүктеледі?
Бэлла Филимонова қызын емханаға апаруға мәжбүр болды. Себебі қызы осы автобустағы сапарынан кейін күйзеліске ұшыраған. Оның ONAY картасында 50 теңгенің орнына 40 теңге ғана болған. Анасының айтуынша, бақылаушы бүкіл автобусқа қыздың фамилиясын жариялап ұятқа қалдырған.
– Барлық әже ұстап алып сөйлей бастаған. «Оны шығарыңыз!» деп айқайға басқан. Бала картаны алуға тырысқанымен, оған оны бермеді. Мәдениет үйінен отырған олар ЦУМ аялдамасынан шығу керек еді. Осылайша олар ақыры 45-орамға дейін жанжалдасып барған. Және бір әйел көмектесіп жіберген. Оған айрықша алғыс айтамын. Қызым үшін кондукторға 200 теңге төлеген, – дейді қыздың анасы Бэлла Филимонова.
Балалар үшін Қарағандыда автобус жолақысы тегін. Бірақ бала сапарды тіркеу үшін валидаторға атаулы картаны басуы тиіс. Бұл ретте картада кемі 50 теңге болуы керек. Бэлла қоғамдық көлікпен сирек жүреді және жақында жолақының қымбаттағанын мүлдем білмеген. Енді картада 40 теңге емес, 50 теңге болуы керек. Автобус иелік ететін №3 автопарк түсініктеме бермеді.
– Нөмірі үшінші автобус паркінің басшылығы нұсқама жіберді. Әрі қарай олар өздерінің қызметтік тексеруін жүргізеді, яғни бақылаушыдан сұхбат алады, автобустан бейнежазбаларды көтереді. Содан кейін шешім қабылдайды. Бақылаушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді Қарағанды қаласының Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.
Қарағандыда балаларды автобустан түсіріп тастау жағдайы алғаш рет емес. Әкімшілік кодекске және жолаушылар тасымалдау ережелеріне енгізілген түзетулер 16 маусымнан бастап күшіне енді. Енді тасымалдаушыларға жауапкершілік жүктелуде.
– Қазір ата-анасыз немесе заңды өкілсіз жүретін 16 жасқа дейінгі жолаушыларды төлемсіз түсіруге тыйым салынады. Менің білуімше, тасымалдаушыға шамамен 5 АЕК айыппұл жүктеледі, – деп тоқталды психолог-заңгер Ботакөз Аманжолова.
Бэлланың айтуынша, оның қызына дәрігер жүйке ауруы диагнозын қойған. Енді анасы бақылаушы мен автопаркті сотқа беруге ниетті. Бұдан былай мұндай жағдайлар болмайды. ТКШ қызметкерлерінің айтуынша, картасыз немесе шотында балансы жеткіліксіз балалармен бақылаушылар күн сайын бірнеше рет кездеседі.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»