Ауызсу мәселесі шешімін қашан табады?
Қарағанды облысында таза ауызсумен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында алдағы бес жылда қалалар мен ауылдарды 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету тапсырмасын қойған болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Үкімет 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын бекітіп, оған сәйкес су құбыры желілерін салу мен реконструкциялау жұмыстарына қаржыландыру бөлінді. Ауызсу мәселесі аппараттық жиында талқыланды.
Қазіргі таңда облысымызда сумен қамту көрсеткіштері жоғары деңгейде, қалаларда халықтың 99,4% су құбыры қызметіне қолжетімді болса, ауылды жерлерде бұл көрсеткіш 97,9%-ды құрайды. Барлығы 342 ауылдық елдімекенде 205 677 адам тұрады, оның ішінде 268 ауылда 201 283 адам орталықтандырылған су жүйесін пайдаланады. Қала тұрғындарын сумен қамтуда 2 513,37 шақырым су құбыры желісі жүргізілген, оның 65,6%-ы ескіруде. Осы мәселені шешу үшін биылғы жылы 4,9 миллиард теңге бөлініп, 8 жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Бұл қаржыға 53,5 шақырым су құбыры желісін салу мен реконструкциялау көзделуде. Ауылдық елдімекендерде су құбыры желілерін дамытуға да айтарлықтай қаражат бөлінді. 2024 жылға 1,6 миллиард теңге қарастырылып, 27,6 шақырым су құбыры желісі салынатын болады. Сонымен қатар, 2025 жылға 649 миллион теңге бөлініп, 32 ауылда су есептегіш құрылғыларын орнату жоспарлануда. Тапсырманы орындау үшін жергілікті әкімдіктерге 9 ауылда су есептегіш құрылғыларын орнату үшін қажетті қаражатты жоспарлау міндеті қойылды. Сондай-ақ, су құбыры желілерінің техникалық қызмет көрсету жұмысымен айналысатын ұйымдар мен ауыл әкімдіктерінің міндеттері нақтыланды. Жергілікті әкімдіктерге су жүйелерін басқаруды табиғи монополиялар субъектілеріне тапсыру жөніндегі тапсырма да берілді. Заман талабына сай, су жүйелерінің жұмысын автоматтандыру, яғни өндірістік үдерістерді цифрландыру да маңызды мәселе. Бұл шара су шығынын азайтуға, желілердегі ақауларды анықтауға және су жүйесін дамытуға жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су жүйелерінің жұмысын онлайн режимде бақылау, жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қолға алынуда.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, су құбыры саласындағы жұмыс жүргізудің маңызды екенін атап өтті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»