Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде…
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы 23 ақпан мен 22 наурыз аралығында «Біз туберкулезді жеңе аламыз» атты ұранмен туберкулездің алдын алу айлығын жүргізіп жатыр.
Айлықтың негізгі мақсаты – халықты туберкулездің алғашқы белгілері туралы, медициналық көмекке уақытылы жүгінудің маңыздылығы, профилактикалық іс-шаралар, емдеудің тиімділігі туралы барынша хабардар ету.
Туберкулез – туберкулез бактериялары ағзаға кіретін инфекциялық (жұқпалы) ауру. Туберкулез адамның барлық мүшесіне (көз, сүйек, тері, зәр шығару жүйесі, ішек, ми) және тәніне әсер етеді, бірақ көбінесе өкпе туберкулезі жиі кездеседі.
Ауруды уақытында анықтап, емдеу арқылы туберкулезді ерте кезеңдерде, ағзаның басқа органдарын зақымдамай тұрғанда емдеуге болады.
Жыл сайын 15 жастан бастап балаларға флюорографиялық тексеру жүргізіледі. Флюорографиялық тексеруден жыл сайын өту қажет, себебі туберкулез ертерек анықталған кезде, оны емдеу жеңілірек болады.
– Туберкулездің алдын алудың бірден-бір жолы – вакцинация БЦЖ (BCG). Профилактикалық екпелердің Ұлттық күнтізбесіне орай оны қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда перзентханада жасайды. Туберкулезді ерте анықтау мақсатында ересек адамдар кем дегенде жылына 1 рет (кәсібіне, денсаулық жағдайына және түрлі қауіп топтарына қатыстылығына қарай) емханада флюорографиялық тексеруден өтуі керек. Дана халқымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Туберкулезге қарсы екпе алу арқылы өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығын сақтайсыз, – дейді Қарағанды қ. Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының Эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің жектешісі Жанар Беркімбаева.
Басқарманың бүгінгі ақпаратынша, туберкулездің алдын алу айлығы аясында тұрғындарға 1200-ден астам парақша, буклет, үнпарақ таратылған, медициналық ұйымдарда 130-дан астам сауықтыру бұрышы ұйымдастырылған, 900-ден астам әңгіме мен лекция өткізілген, балалар мен жасөспірімдер арасында 600-ден астам сауалнама, 1500-ден астам тақырыптық диктант және 50-ден астам денсаулық сабағы жүргізілген.
Айта кетейік, айлық аясында мамандар барлығына тегін флюорография жүргізеді. Осы мақсатта адамдар көп жиналатын орындарда ФЛЮКАР жұмыс істейді, оның ерекшелігі – тексерістен өткен адамға бір күн күтудің қажеті жоқ, өйткені нәтижелер бірден беріледі. «Біз туберкулезді жеңе аламыз» атты ұранмен өтіп жатқан туберкулездің алдын алу айлығы 22 наурызға дейін жалғасады.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»