«АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ»…

Қарағанды облысы – өнеркәсіп саласы жоғары дамыған өңір. Біздің аймақта іс-әрекеті кәсіптік ауруларды тудыруға қабілетті зиянды факторлары бар өнеркәсіптік өндірістің барлық түрлері бар. Сондықтан да, Қарағанды облысының санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Сусметова Галина Витальевна «Қарағанды хабары» арқылы өз ойларымен бөліскен еді.

— Галина Витальевна, өңірімізде түрлі қазба байлықтары бар болғандықтан, өндіретін ірі кәсіпорындар көп. Олардан шығатын адам ағзасына зиянды қалдықтар жұмысшылардың денсаулығы мен өмір сүру қабілеттілігіне кері әсер етеді. Жалпы, кәсіптік ауру дегеніміз не?

— Сұрағыңызға рақмет. Кәсіптік ауру дегеніміз – зиянды өндірістік фактордың әсерінен пайда болатын ауру. Кәсіби ауруларға тек кәсіби қызмет жағдайында кездесетін немесе белгілі бір кәсіпте жалпы халық арасында немесе басқа жұмыс топтарында жиі кездесетін аурулар жатады.

Кәсіби аурулар кәсіпорындардағы санитарлық-гигиеналық ережелердің дұрыс орындалмауынан, шу, діріл, тағы басқа әсерінен пайда болады. Мысалы, шаң-тозаңы көп жерде жұмыс істеген адамның өкпесі пневмокониозға, ал радиоактивті препараттармен жұмыс істейтіндер сәуле ауруына шалдығады. Қатты дірілдейтін аспаптармен ұзақ уақыт жұмыс істеу тамыр неврозына ұшыратады.

— Түсінікті. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманы болса да, қауіпті заттардан жұмысшыны толықтай қорғау мүмкін болмай отыр. Сонда еңбек жағдайының сапасыздығына не әсер етеді?

— Өндірісті ұйымдастырудың маңызды қағидаттарының бірі — өндірістік процестің барлық кезеңдерінде қауіпсіз және зиянды емес еңбек жағдайларын жасау болып табылады.

Өндірістік процестерді механикаландырудың жеткіліксіздігі, ауыр физикалық еңбек, газдану, шаңдану, қолайсыз микроклимат, жұмыс орындарындағы шудың жоғары деңгейі, жұмыс өтілінің ұзақтығы және жұмысшылардың зейнеткерлік жасының ұлғаюы, 60 жастан асқан жұмысшылардың табиғи ауруларының болуы — жалпы соматикалық аурулардың, яғни кәсіби дерттердің өсуіне алып келеді.

Кәсіптік зиянды әсерлер тек кәсіби ауруларды ғана емес, басқа аурулардың да пайда болуына әкеліп соқтырады.

Шаңның әсерінен туындаған кәсіби аурулар қатарына силикоз, бронхит, антракосиликоз, пневмоконизды жатқызуға болады. Ол жалпы дерттің – 23,7%-ын құрайды.

— «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» демекші, дерттің жақсысы жоқ. Әсіресе, отбасыны асырау үшін күн-түн демей, тығыз режимде жұмыс істейтін адамдарға денсаулығын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Ал біздің өңіріміздегі жұмыс күшінің басым бөлігі осы өнеркәсіптік орындарда десек қателеспеспіз. Егер кәсіптік аурулар дәл осылай қарқынды түрде дами берсе, аймақтағы мүгедектік пен өлім көрсеткішін арттырары анық. Сондықтан, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, бұл дерттердің алдын-алу үшін қандай шаралар қолдануға болады?

— Өте дұрыс айтасыз. Кәсіптік аурулардың деңгейін түсіріп, алдын-алу жұмыстарын ұйымдастырғанымыз жөн. Мысалы, тыныс алу мүшелеріндегі кәсіптік аурулардың алдын алудың негізгі бағыттары – кәсіпорындағы жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту және өндіріс технологиясын өзгерту арқылы түрлі технологиялық ісшаралар жүргізу, үздіксіз құрылғыларды енгізу, қол еңбегін жоятын өндірістік процестерді автоматтандыру әрі механикаландыру. Ал қашықтан басқару қызметкерлердің үлкен контингентінің еңбек жағдайларын жақсартуға көмектеседі.

Сонымен қатар, тыныс алу органдарының кәсіби ауруларының алдын алу үшін санитарлық шаралар қажет. Оларға шаңды жабдықтың тұрақты орны, герметизация, жергілікті сору желдеткіші және тағы да басқалары жатады.

Шаңның шоғырлануын төмендету үшін жұмыс аймағындағы шаңның рұқсат етілген шектерге дейін азаюына алып келмейтін жағдайларда жеке қорғаныш құралдарын қолдану қажет. Олардың қатарына шаңға қарсы респираторларды жатқызуға болады. Респираторларды таңдау зиянды заттардың түріне және олардың концентрациясына байланысты жасалады. Ал сауықтыру ісшаралары жүйесінде жұмысшылардың денсаулық жағдайына медициналық бақылау жүргізу аса маңызды.

Шаңға қарсы іс-шаралар тиімділігінің көрсеткіштері болып жұмыс аймағы ауасының тозаңдануының азаюы, тыныс алу органдарының кәсіптік аурулармен сырқаттануы деңгейінің төмендеуі болып табылады.

— Аталған дерттердің барлығы дерлік адам денсаулығына өте қауіпті. Жұмысшының жағдайын жақсарту үшін кәсіпорын тарапы не ұсынуы керек? Сонымен қатар жұмыс орнында қайғылы жағдай орын алса, жәбірленушінің алдағы кәсіби қызметі қандай болмақ? Кәсіпорындар қаншалықты моральдық және материалдық көмек көрсетеді?

— Кәсіптік аурулардың бастапқы нысандарын, қызметкерлердің денсаулық жағдайына қауіпті немесе зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінің бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, профилактикалық және оңалту іс-шараларын жүргізу қызметкерлердің денсаулығын сақтауды және еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруді қамтамасыз етеді. Бұған профилактикалық медициналық тексерулер айтарлықтай ықпал етеді.

Бұдан бөлек, жұмыс түріне қарай жұмыс күні мерзімін қысқарту, жыл сайын қосымша демалыс беру, жұмыс кезінде үзіліс жасау (15 – 20 мин), техникалық шараларды іске асыру – кәсіби аурулардың санын азайтып, келешекте мүлдем жоюға мүмкіндік береді.

Кәсіби ауруларды азайту үшін радиоактивті препараттармен, рентген кабинеттерінде, ыстық пештерде жұмыс істейтін адамдарды жұмысқа аларда және әрбір 6-12 ай сайын денсаулығын медициналық тексеруден өткізіп тұру қажет.

Кәсіби ауруларға шалдыққандар әлеуметтік қамсыздандыру тарапынан жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі. Кәсіби аурулар салдарынан уақытша еңбекке жарамсыз адамдарға берілетін жәрдем олардың үздіксіз еңбек өтіліне қарамастан табысының 100% мөлшерінде төленеді. Кәсіби аурулардан мүгедек болған адамдарға мүгедектік зейнетақы еңбек өтіліне байланыссыз белгіленеді.

— Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»