Ауылшаруашылығы санағы

Ауылшаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Оның даму бағытын тиімді жоспарлау үшін нақты және сенімді деректер қажет. Дәл осы мақсатта Қазақстанда ауылшаруашылығы санағы жүргізілуде.

Ауылшаруашылығы санағы ауылшаруашылығының құрылымы мен жай-күйі туралы алғашқы статистикалық мәліметтерді жинауға арналған ауқымды іс-шара. Оны өткізу туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметі 2023 жылғы 29 желтоқсанда қабылдаған. Санақтың объектілеріне жер және егіс алқаптары, ауылшаруашылығы жануарлары мен құстары, техника, жабдықтар және сақтау құрылыстары кіреді.

Биылғы жылдың 1-30 маусымы аралығында Қарағанды облысының Балқаш, Приозерск, Саран, Теміртау, Шахтинск, Абай және Қарқаралы қалаларында санақтың алдын ала кезеңі өтті. Бұл уақытта үй шаруашылықтарының жер көлемі, ауылшаруашылығы дақылдары егілетін аумақтар және жануарлардың саны туралы мәліметтер жиналды. Алынған деректер негізінде негізгі кезеңге қатысатын респонденттердің іріктемелі тобы анықталады.

Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді. Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, фермерлер және үй шаруашылықтары санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады.

Онлайн-сауалнамаға қатысу үшін ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизация қажет. Респондент толтырылған парақты сақтап, деректерді кез келген уақытта толықтыра алады. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер мен статистика бөлімшелерінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.

Қарағанды облысы Статистика департаментінің жетекші маманы Әсел Жалелова ауылшаруашылығы санағының маңыздылығын атап өтті:

– Бұл санақ – ауылшаруашылығы саласындағы нақты жағдайды бағалаудың маңызды құралы. Жиналған деректер мемлекетке ауылшаруашылығының даму стратегиясын тиімді құруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, барлық мәліметтер құпия түрде сақталып, тек статистикалық мақсатта пайдаланылады. Сондықтан респонденттер санаққа белсенді қатысып, дұрыс ақпарат беруге шақырамыз – деді ол.

Қарағанды облысында 94,5 мыңға жуық үй шаруашылығы мен 10 мың ауылшаруашылығы өндірушісін қамту жоспарланған. Ұлттық статистика бюросы алынған барлық деректердің құпия түрде сақталатынын және тек статистикалық мақсатта пайдаланылатынын ресми түрде мәлімдеді. Мәліметтер салық немесе басқа да мемлекеттік органдарға берілмейді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»