Ауыл мектептеріне автобус беріледі

Қарағанды облысында ауыл мектептері үшін 27 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Бұл өз кезегінде мектебі жоқ шалғай елді мекендерден бала тасымалдау мәселесін шешуге көмектеседі.

Ауыл мектептерінің автопаркін жыл соңына дейін біртіндеп толықтыру жоспарда бар. Алғашқы бес автобус 15 қыркүйекке дейін Абай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарының мектептеріне беріледі. Ол үшін Қарағанды облысы Білім басқармасының басшылығы көлік қабылдауға қатысты алғашқы актілерге қол қойды және қажет құжаттарды ресімдеу жұмысын бастап кетті.

Қыркүйек айының соңына дейін ведомство тағы 14 автобус сатып алып, ауылды жерлерге береді.

– Білім министрлігінің еліміздегі мектеп автопаркін жаңарту жөніндегі республикалық жобасы аясында лизингтік қаржыландыру есебінен 27 автобус сатылып алынды. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мен «Hyundai Trans Auto» ЖШС және «QazTehna» ЖШС жеткізушілері арасында шарт жасалды, – деп хабарлады Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Жаңа автобустар барлық талапқа сай. Олар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен, көліктің есігі ашық қалып қойған кезде қозғалысты бұғаттау механизмімен, жылдамдықты сағатына 60 км-ге дейін ғана жеткізетін шектегішпен жабдықталған.

Жаңа оқу жылында өңірдегі мектебі жоқ 121 шалғай елді мекеннің 1 628 оқушысы енді білім ордаларына күн сайын жаңа автобустармен қатынайды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА