Ауыл медицинасын қолдау қомақты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту қажеттігін айтқан болатын. Ол үшін 2023 жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды.

Өкінішке қарай, Қарағанды облысында әлі күнге амбулаториясы жоқ ауылдар бар. Тұрғындар сырқаттанып қалса дәрігерді көршілес елді мекендерден көмекке шақырады. Ал қыс айларында жол жиі жабылып, жедел жету қиынға соғады екен. Осыған орай алдағы екі жылда өңірдегі шалғай ауылдарда 92 медициналық мекеме салынатын болды. Оның басым бөлігі, яғни 20-сы Қарқаралы ауданында бой көтереді.

– Ауданда 3 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт салынайын деп отыр. Оның барлығы жаңа қондырғылармен, медициналық құралдармен жабдықталады. Құрылыс 2023 жылы басталады. 20 нысанның барлығы 2 жылда салынып біту керек. Сол кезде халықты 100 пайыз қамтамасыз етеміз, – дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапеві Алма Қанафина.

Жаңа бағдарламаға үміт артып отырған ауылдардың бірі – Қаракөл. Мұндағы ескі амбулатория екі жыл бұрын жабылып қалған. Себебі халық саны жетіспейді. Ал талап бойынша 50 тұрғыннан кем болмау керек. Бірақ, жергілікті әкімінің айтуынша, қазір мұнда 170 адам тұрады екен. Өкінішке қарай, соның тек 40-ы ғана мекенжайы бойынша ресми тіркелген. Егер қалғанын тізімге алса, амбулаторияны ашуға болады.

– Біздің ауылда бұрын үлкен медпункт болған. Қазір ғимараты тұр, өте жақсы сақталған. Халық саны азайып, дәрігер кетіп қалған соң, жабылып қалды. Содан бері коммуналдық меншікке алынып, күзет қойылған. Тұрғындар да сырттай бақылап, ешкімнің қиратпауын қадағалап отыр. Ауылымызда зейнеткер көп, жас балалар бар. Дайын тұрған медициналық пункті қайта ашып, дәрігер берсе. Халықтың тілеуі – сол, – дейді ауыл тұрғыны Үміт Оспанова.

Айта кетейік, жаңадан ашылатын медициналық мекемелерге жас мамандар тарту үшін баспанамен қамту, бір реттік жәрдемақы беру мәселелері қарастырылған. Бұдан тыс ауылды жерге барған дәрігерлердің жалақысы 25 процентке жоғары болады.

Асыл АЙБЕК,

«QH»