«АУЫЛ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІ ТӨЛЕП БЕРЕМІЗ»

Ауыл мектептері жылдамдығы жоғары интернетпен қашан қамтылады? Колледждер ақша табуға кірісе ме? Мектептегі ыстық тамақты ата-аналар ұялы телефоны арқылы қалай бақылай алады? Осы және басқа да мәселелер жөнінде облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА баяндайды.

— Қарағанды қаласында апатты жағдайда тұрған мектептер бар ма?
— Білім беру жүйесін дамытудың басым мәселелерінің бірі қолжетімділікті қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау. Апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін биыл Қарағанды қаласында 11А шағын ауданында 600 орындық мектептің құрылысы аяқталады. 2021 жылдың соңына дейін облыста тағы 8 білім беру нысаны салынады. Қарағанды қаласындағы бір лицей-интернатқа жапсаржай салынады. Облыс орталығында балалар мен жасөспірімдерге арналған 3 665 орындық сарай ашылады. Сондай-ақ, Қарағанды қаласы құрылыс басқармасына «Күнгей» шағын ауданында 600 орындық, «Оңтүстік батыс» шағын ауданында 1 200 орындық екі мектеп салуға инвестициялық ұсыныстар жіберілді. «Таугүл» шағын ауданына «Строй Транс Проект» ЖШС 1 200 орындық жекеменшік мектеп салуды жоспарлап отыр. 2024 жылдары «Кеңдала» шағын ауданында 1 200 орындық мектеп бой көтереді. Биыл 104 білім беру нысанын жөндеу жоспарланған, оның ішінде 37-і білім беру нысанына күрделі жөндеу, ал 67 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
— Балабақшаларда бүгінде кезекші топтар ғана жұмыс жасап тұр. Мектепке дейінгі білім мекемелері қашан толық жұмыс күніне көшеді?
— Қарағанды облысында 452 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым бар, оның 176-і балабақша. Барлығында 100% бейнебақылау қойылып, дәретханалар ішінде орналасқан. Балабақшаларға 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамтуды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту есебінен оны 84%-дан 86%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Өңірде 1 500 орындық 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде Қарағанды қаласында 310 орындық 4 балабақша ашылады. Бұдан басқа, құрылыс басқармасына Пришахтинскінің 21 және Оңтүстік-Батыс шағын ауданында екі балабақша салу туралы инвестициялық ұсыныстар жібердік. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 432 млн. теңгеге 8 балабақшаны жөндеу назарда.
— Пандемия кезінде қашықтықтан оқыту жүйесіне көштік. Толыққанды білім беруге көшу қалай жүзеге асуда?
— Облыста 504 мектеп жұмыс істейді, онда 204 915 оқушы бар. Бүгінде штаттық режимде 71,6% оқушы білім алуда. 1 наурыздан бастап кезекші сыныптар алынып тасталды. 1-5 сыныптардың 96 мыңнан астам оқушысы 25 адамға дейінгі талапты сақтап штаттық режимде оқып жатыр. Дәл осындай режимде 22 мыңнан астам 9-11 сынып оқушылары оқуда. Пәндердің 30%-ы қашықтықтан оқытылады. 300 адамнан аспайтын 279 мектептің 27 мың оқушысы штаттық режимде білім алуда. Оқу процесі кезінде санитарлық-дезинфекциялық және маскалық режимдер, шахмат отырғызу және әлеуметтік қашықтық қатаң сақталады. Ол үшін әр өңірде шектеу шаралары жағдайында санитарлық нормаларды сақтау бойынша арнайы мониторингтік топтар құрылды. 6, 7, 8 және 10 сынып оқушылары қашықтықтан оқытуды жалғастыруда. Олар үшін сабақтан тыс уақытта мектепте 15 адамнан аспайтын топтарда қосымша сабақтар ұйымдастырылған. Білім сапасын арттыру үшін білім алушылардың білімін жаңарту бойынша кешенді жоспар әзірленді, оның шеңберінде үлгерімі төмен оқушылармен және 11-сынып түлектерімен қосымша сабақтар жоспарланған. Бұл жұмысқа педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері тартылды.
— Мектеп базасын жаңғырту қалай жүзеге асуда?
— Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысысында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыста «оқитын мектеп» жобасы әзірленді. Оны жүзеге асыруға биылғы жылы бюджетті нақтылауға 400 млн. теңгеге өтінім берілді. Мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен жаңарту және толықтыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, автоматтандырылған бағдарламаларды енгізуге
бағытталмақ. 25 мектепте мектеп кітапханалары жаңартылып, көркем әдебиет, жиһаз сатып алынады, е-кітапхана орнатылады, 6 мектепте мектеп асханалары жаңғыртылады және е-Асхана жүйесі енгізіледі. 8 мектепте мектеп жиһаздарын жаңарту және 26 пән кабинеттерін сатып алу жоспарлануда. Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 448 мультимедиялық жабдықтар жиынтығы мен 86 модификацияланған кабинеттер (физика — 8, химия — 9, биология — 5, мультимедиялық — 8, технология — 35, STEM – 21) сатып алу жоспарланған.
— Мектептерде интернет жылдамдығының төмендігіне байланысты сын көп. Пандемия кезінде интернеті әлсіз мектептер қалай білім берді?
— Облыста барлығы 296 ауыл мектебі бар. Барлық ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтуды қамтамасыз ету басты назарда. Аймақтағы 80% мектеп ғаламтормен қамтылған. Өңірде 4-20 аралығындағы оқушысы бар 39 мектеп, 4 бала білім алатын 3 мектеп, 5 балаға қызмет көрсетіп отырған 4 мектеп, контингенті 11-61 баланы құрайтын 66 мектеп бар. 20 –1134 аралығында оқушысы бар 191 мектеп орта білім береді. Оның 56-сында ғана интернет 10 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықты құрайды. Өңірдегі 240 мектепте интернет 512 Кбит/с-тан 9 Мбит/с-қа дейін, 16 мектепте 512 Мбит/с, 110 мектепте 4 Мбит/с дейін, 114 мектепте 4 Мбит/с-тан 9 Мбит/с-қа дейін ғана интернет қолжетімді. Интернет-байланыс 121 мектеп спутниктік антенналармен, 12 мектеп мобильді провайдерлермен және 107 мектеп кең жолақты Интернет арқылы максималды жылдамдығы 8 Мбит/с қамтамасыз етілген. Биылғы жылы 39 мектепте жылдамдықты арттыру жоспарланған, оның ішінде 34 мектепте жылдамдық 9 Мбит/с дейін, 5 мектепте – 10 Мбит/с жоғары артады.
— Осыдан біраз жыл бұрын мектептерде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беру үрдісі байқалған еді. Бұл мәселе шешіле ме?
— Облыста 20 мыңға жуық педагог жұмыс істейді, оның ішінде 81% жоғары білімі бар, 61% педагог біліктілік санаттарыи инеленген. Өткен жылы педагог кадрлардың тапшылығы 383 адамды құрады. 2019 жылы ол 857 адам болған еді. 2020 жылы 342 жас маман қызметке келді, оның 29-ы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауыл мектептеріне барды. 8 мыңнан астам ауыл педагогы коммуналдық қызметтерді төлеу және қатты отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау алады. Осы жылдың басынан бастап облыстық мәслихаттың шешімімен көмек мөлшері айлық есептік көрсеткіштің екіден онға дейін арттырылды. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін 2018 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсетін түлектерге облыс әкімінің 155 гранты бөлінді. Биылғы жылы бастауыш сыныпқа сабақ беретін 5 түлек оқу бітіреді. Олардың барлығы жұмыспен қамтылады. Қазір біз тағы 60 педагогты даярлауға бюджеттік өтінім дайындап жатырмыз.
— Қарағандылық колледждердегі сұранысқа ие емес мамандықтар жабыла ма?
— Бәсекеге қабілетті техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Біздің облыстың 15 колледжінде «Жас маман» республикалық жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында 4 млрд. теңгеден астам сомаға заманауи жабдықтар сатып алынады, құзырет орталықтарының саны 7-ден 15 бірлікке дейін ұлғаяды. 35-тен 39 бірлікке дейін инклюзивті білім беруді енгізетін колледждер желісін ұлғайту жоспарланған. Колледждердің оқу қызметін коммерцияландыру мақсатында студенттердің жобалау-зерттеу қызметін дамытуға көп көңіл бөлінеді. Осыған байланысты жыл соңына дейін колледждер базасында 15 бизнес-инкубатор ашу жоспарлануда. Талап етілмеген мамандықтарды жабу және жаңаларын ашу бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл Саран қаласында «Татнефть» ЖШС-мен бірлесіп автомобиль шиналары өндірісінің, ал «Казтехно» ЖШС – мен екі колледж базасында жаңа үлгідегі автобустар мен арнайы техника өндірісінің ашылуына байланысты жаңа мамандықтар – «шиналар өндірісі», «Резеңке техникалық өндіріс», «Слесарлық іс» бойынша дайындық басталады. Сонымен қатар, өңірлік еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында жаңа оқу жылында тағы 10 мамандық ашу жоспарланған.
— Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру қалай ұйымдастырылады?
— Осы жылдың қаңтар айынан бастап облыс бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына қолдау көрсету үшін Telegram арнасында чат іске қосылғанына қарамастан, күн сайын көптеген өтініштер мен сұрақтар келіп түседі. Сондықтан ата-аналарды қамту үшін кездесулер ұйымдастырылады. Облыс бойынша Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Балқаш қалаларында 4 психологиялық-медициналық- педагогикалық консультация жұмыс істейді. Жақын арада Қарағанды қаласында 5 ПМПК және тағы 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады. Бүгінгі таңда балалардың білімі мен іскерлігін
емес, арнайы білім беру жағдайларын бағалайтын ПМПК қорытындысы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуының негізі болып табылады. Әрине, балалар мектепке барған соң, оларға белгілі бір жағдайлар жасалуы керек. Инклюзивті білім беру – бұл мұғалімдер мен ата-аналардың тығыз ынтымақтастығынсыз мүмкін емес күрделі үдеріс. Тек ата-аналар ғана өз балаларының ерекшеліктерін жақсы біледі.
— Жұмысыңызға жеміс тілейміз.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

«QN»