Ауыл халқының қамын жеген дәрігер

Қарағанды облысындағы төрт ауылдың денсаулығы бір ғана жанға сеніп тапсырылған. Бас дәрігер, ультрадыбыстық зерттеу маманы, тіпті жедел жәрдем жүргізушісі – мұның бәрі Салтанат Әлмағанның күнделікті атқаратын қызметтері. 24 жылдық тәжірибесі бар әмбебап дәрігерге тұрғындар ерекше құрметпен қарайды, себебі осы уақыт ішінде бірде-бір шағым болмаған. Нағыз өз ісінің маманына айналған ақ халатты жан – ауыл медицинасының тірегі.

Әр ауылға жанашыр дәрігер ауадай қажет. Бүгінде бұл жай ғана мамандық емес – нағыз жанкештілік пен жанқиярлықтың үлгісі. Қарқаралы ауданына қарасты Бесоба ауылында тұратын Салтанат Әлмағанова – сондай ерекше жандардың бірі. Ол тек емделушілердің жағдайын бақылап қана қоймай, жедел жәрдем көлігін өзі тізгіндеп, шұғыл шақыртуларға асығатын әмбебап маман. Мәселен, осы жолы да Салтанат 18 шақырым жердегі Қарашоқы ауылына, сырқаттанып қалған тыл ардагеріне алғашқы көмек көрсету үшін жолға шықты. Ауылда дәрігер болу – үлкен жауапкершілік. Тек дәрігер ғана емес, қажет болса жүргізуші, қажет болса психолог, тіпті кейде техник маманның да рөлін атқаруға тура келеді. Бұл шындықты Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында еңбек етіп жүрген фельдшер Салтанат Әлмағанова жақсы біледі.

– Бір жағдайлар болды, Қарағандыға ауру адамды апарып жатқызып қайттық. Сол сәтте менің жүргізушім соқырішек ұстап қалды. Сол мезетте оны да шұғыл түрде ауруханаға жатқызуға тура келді. Ауылда шақыртулар үзілмейді, әсіресе түн ішінде тұрғындар мазасызданып хабарласады. Сол кезде ойлануға уақыт жоқ – рөлге өзім отырып, елге қайттым, – деді Бесоба селолық округінің бас дәрігері Салтанат Әлмаған.

Салтанаттың айтуынша, негізі ауылда тұрақты жүргізуші бар. Бірақ төтенше жағдайлар туындағанда уақытпен санаспай, жағдайға қарай әрекет ету – ауыл дәрігерінің күнделікті тәжірибесіне айналған.

– Бізде бәрі болуы мүмкін. Ауа райы да, жол жағдайы да күрделі. Бірақ халыққа көмек қажет болса, ештеңеге қарамай жету керек. Дәрігер ретінде менің міндетім – алғашқы көмек көрсету, ал кейде сол көмекті уақытында жеткізу үшін көлік тізгінін де қолға аламын, – дейді Салтанат Әлмаған.

Салтанат Әлмағанованың кәсібіне деген адалдығы мен жанкештілігі – ауыл медицинасының шынайы бейнесі. Осындай мамандардың арқасында шалғай ауылдардағы тұрғындар уақытында медициналық көмек алып отыр. Мәку Серікова ауылдағы ең жасы үлкен қария. Қан қысыма жиі көтерілетіндіктен үнемі мамандар бақылауында. Тыл ардагері дәрігерлер шақырғанда жылдам жететініне риза.

– Дәрігерлерге рақмет, система аламын, дәрігер келеді, жасы ұзақ болсын, рақмет көп жасасын, – деп атап өтті тыл ардагері Мәку Серікова.

Бесоба селолық округінің бас дәрігері Салтанат Әлмағанова – төрт бірдей ауылдың тұрғындарының денсаулығына жауапты. Қыстың қақаған аязы мен қалың қары, көктемгі тасқын су мен ойдым-ойдым жолдар да оның жұмысына кедергі бола алмайды. Қай ауылдан шақырту түссе де, елдің амандығы үшін жедел жетуге дайын маман – өзінің білімімен ғана емес, жанқияр еңбегімен де құрметке лайық.

– Дәрігермін, бастықпын деп отырмайды, қолға күрек алады, лайдыда күредік, қардыда күредік бірге. Содан ол кісі енді жолдан шаршап келеміз, түнде шақыртуға шығамыз, Қарағандыға кісі апарамыз, келеміз, қайта Қарқаралыға бару керек болады. Сонда Салтанат Амантаевна өзі, Дархан тоқта кішкене демалып ал, мен өзім жүргізіп келемін дейді. Сонда мен кішкене көз іліп, ұйықтап аламын сөздің шыны керек, – дейді жедел-жәрдем жүргізушісі Дархан Исаханов.

Кейіпкеріміздің әкесі Амантай Әлмаған 40 жылдық еңбек өтілі бар механизатор.  Салтанат  әкесінің жанында жүріп, техника тілін 5 жасынан меңгеріп алған. Қазір  түрлі көлікті тізгіндей алады. Істен шықса, өзі жөндеп алады.

– Енді шыны керек қолға не түседі сонымен жүре береміз, былайша айтқанда, жаяуда жүреміз, велосипедпен де ауылды ар жақ шеті, бер жақ шеті дегендей аралаймыз. Кей кезде мені ұл балалармен шатастырып алатын кісілер, мотоциклмен каскамен келіп тоқтап тұрған кезде, жиі шатастырып алатын. Ұлдар келіп амандасып жататын: «Ассалаумағалейкум» деп, – дейді Бесоба селолық округінің бас дәрігері Салтанат Әлмаған.

– Жас кезінде менімен бірге, көлік рөліне таласады. Сол кезден техникаға үйір болды, сол үйдің қасына келген тракторды мініп алып жүріп кетеді, ұл бала секілді жауапкершілік алып, жұмыстарды өзі істеп, қолғанат болатын, деп атап өтті әкесі Амантай Әлмаған.

24 жылдық тәжірибесі бар Салтанат Әлмағанова – өз ісінің нағыз шебері. Ол тек дәрігер ретінде емес, үнемі кәсіби дамуға ұмтылатын ізденімпаз маман ретінде де ерекшеленеді. Екі жыл бұрын ультрадыбыстық зерттеуді меңгеріп, бүгінде жүрек, бауыр мен бүйрек сынды маңызды ағзаларды толық тексере алады. Ауылдағы әрбір адамның денсаулығы жайлы нақты мәліметі бар дәрігер үшін бұл – жай ғана жұмыс емес, өмірлік міндет.

– Салтанаттың тағы бір қасиеті, оның мінезін айттық қой, адамның бетіне қарап-ақ адамның қай жері ауырып тұрғандығын анықтай алады. Сөйтеді да бірден тоқ етерін айтып, диагнозынды қойып береді. Бесаспап дәрігер деуге болады, ауыл дәрігері нағыз осы Салтанаттай болады деп ойлаймын, – деді Бесоба ауылының тұрғыны Іңкәр Кәкенова.

Салтанат Амантайқызы – Қарағанды медициналық университетінің түлегі. Еңбек жолын Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында балалар дәрігері болып бастаған ол, араға бір жыл салып туған жері Бесобаға оралып, ауылдық округтің бас дәрігері қызметіне кірісті. Содан бері туған елінің саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»