«Ауыл береке» – халыққа қолжетімді өнім, өндірушіге тұрақты нарық

Әлеуметтік саясат пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты басымдықтардың бірі. Соған сәйкес Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен жеткізуге бағытталған шаралар жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Қарағандыда өткен «Ауыл береке – 2025» күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі соның нақты айғағы болды. Global City СОО аумағында ұйымдастырылған дәстүрлі шараға облыстың жеті ауданынан келген 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қатысты. Жәрмеңке барысында 120 тоннадан астам өнім ұсынылып, олар орташа нарықтық бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылды.

Сатып алушыларға 52,2 тонна ет, 25 тонна картоп, 7 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімдері, 4 тонна балық және балық өнімдері, 175 мың дана тауық жұмыртқасы мен 10 тонна басқа да азық-түлік ұсынылды. Осындай шаралар қала тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді өнімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, ауылдық жерлердегі өндірушілер үшін тұрақты өткізу алаңына айналып отыр.

– «Ауыл береке» жәрмеңкесі жыл сайын сұранысқа ие. Бұл – бір жағынан әлеуметтік қолдау, екінші жағынан ауылдағы кәсіпкерлерге нақты көмек. Жергілікті тауар өндірушілер өз өнімін тікелей тұтынушыға ұсынады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Қарағандыда күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері әлі жалғасады. Қалада 27 қыркүйекте, 4 және 18 қазанда, сондай-ақ 1 қарашада «Ауыл береке – 2025» облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Шарада ет-сүт, жеміс-көкөніс өнімдері мен жергілікті өндірушілердің тауарлары орташа нарықтық бағадан төмен бағамен ұсынылады.

Жәрмеңкелер Global City КТО аумағында (Қарағанды қ., 134-ші есептік тоқсан, 921-құрылыс) сағат 09:00-ден басталады.

Тұрғындар жәрмеңке өтетін орынға № 5, 19, 31, 40, 56, 63, 66, 70, 146 автобустарымен және № 02 және 29 маршруттық таксилерімен жете алады.

«Ауыл береке» жәрмеңкесінің басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, өнім өткізу нарығын кеңейту және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.

Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар ауылдық жерлердегі шағын шаруашылықтар үшін де, ірі кәсіпорындар үшін де тиімді. Өнім өндірушілер өз тауарын тікелей қала тұрғындарына ұсынып, сұранысты зерттеп, жаңа нарықтарға жол ашады. Ал қарағандылықтар үшін бұл сапалы әрі қолжетімді азық-түлік алу мүмкіндігі.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»