Ауласын тазаламаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады
Қарағандыда бизнес нысандарының ауласын тиісті деңгейде тазаламаған кәсіпкерлерге ескертумен қатар айыппұл салына бастады. Себебі өңірде қар аралас жауған жаңбыр соңы көктайғаққа ұласқан. Салдарынан жарақат алғандардың саны тәулігіне 40-50 адамға артып отыр. Коммуналды қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, тұз аралас құм сепкенімен, 90-ға жуық кәсіпкерлік нысан өкілдері өз ауласындағы жаяу жүргіншілер жолын көк мұздан арылтуға құлықсыздық танытып отыр дейді мамандар.
Полицейлер мұндай құқық бұзушылық үшін арнайы әкімшілік жаза қарастырылғанын ескертіп, бір жолға ауызша, екінші рет қайталанса – айыппұл салынатынын айтады. Оның көлемі шағын кәсіпкерлік үшін шамамен 30 АЕК, яғни шамамен 90 мың теңге көлемінде.
– Қарағанды, Қазыбек би ауданы бойынша 87 объект тексерілді, оның ішінде 35 хаттама толтырылды. Күннің бұзылуына байланысты қала бойынша 39 ЖКО болды. Сондықтан жаяу жүргіншілер көлік астына түсіп кететіндей жағдай болмас үшін кәсіпкерлерге қойылған талаптарды уақытылы орындап, міндетін істеуді талап етеміз, – дейді Қарағанды қалалық ПБ жергілікті ПҚ бастығы Бауыржан Мұхамеджанов.
Қарағандыда соңғы тәуліктердегі ауа райының қолайсыздығы салдарынан түрлі жарақат алғандардың саны күрт артты. Өткен аптаның тек бір күнінде 23 жол-көлік оқиғасы болып, бір жаяу жүргінші көз жұмған. Травматологиялық орталыққа тәулігіне 370-ке жуық адам келіп қаралған. Өңірде қазір күндіз қар еріп, ал кешкілік уақыттарда көк мұз болып қатып жатыр. Бұл жаяу жүргіншілерге де, көлік жүргізушілеріне де айтарлықтай қиындық тудырған. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір қала көшелеріне 130-ға жуық техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылған. Бірақ табиғаттың тосын мінез танытуына байланысты үлгермей жатқандарын айтады.
– Бүгінге 10 бригада дайындадық, олар жаяу жүргіншілер жолында жұмыс істейді. Қазір мамандар тәулік бойы жұмыс істейді. Сағат 9-дан 5-ке дейін бірінші ауысым, содан кейін қарбалас сәтте жолды бөгемей, кешкі 8-ден таңғы 5-ке дейін екіншісі жұмыс істейді, – дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Қожанов.
Ауруханаларға бір тәулікте 370 адам келген. Олардың басым көбі ЖКО салдарынан жарақаттанған немесе тайып жығылған. Мамандар аса ауыр жарақат алғандар болмаса, басқасын үйлеріне жіберіп жатқандарын айтады.
– Қазіргі біз байқаған үрдіс – тұрғындар әсіресе кешкі сағат 19:00-ден түнгі 12-лерге дейін ағылып келіп жатыр. Яғни жұмыстан, оқудан қайтқан уақыт. Басым көбі осында қаралып, үйлеріне жіберіледі. Олардың көбі буындарын шығарып немесе сіңірлерін созып алып жатады. Сирек болса да дене мүшелерін сындырып алып жатқандар да бар, – дейді Х.Мақажанов атындағы облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі Ерік Шонбаев. Ал синоптиктер болса алда сары шұнақ аяз тұрады деп отыр.
Расул МҰХАММЕД,
QH.