Қауіпті спортзал жабылды

Қарағанды қаласында 300-ге жуық бала білім алатын мектеп спортзалы жабылды. Төтенше жағдай мамандары залдың жайы балаларға қауіп төндіріп тұрғанын айтады. Олар сотқа арызданып, нәтижесінде сот олқылықтар жойылғанша нысанды 3 айға дейін жабуды ұйғарыпты. Ал осы уақытта балалар дене тәрбиесі пәнін қалай өткізеді? Бұл туралы мектеп әкімшілігі айтып берген.

№44 мектептің іргесі осыдан 74 жыл бұрын қаланған. Қазірге дейін ол көмір жағу арқылы жылытылады. Ал спортзал 50 метрдей жердегі қашықтықта жеке ғимаратта орналасқан. Мектепке былтыр модульдік пеш салынып, жеке шығарылғанымен, спортзалдың пеші әлі де жапсарлай орналасқан екен. Мұнысы талапқа қайшы әрі балаларға қауіпті көрінеді.

– Мұның қауіптілігі – жарылуы мүмкін. Біріншіден, егер құбырдың не пештің ішінде су азайып қалатын болса немесе оның бір бөліктері істемей бітеліп қалса, судың қайнауынан бу көтеріліп, жарылысқа әкелуі мүмкін, – дейді Қарағанды қаласы ТЖБ басшысының орынбасары Асхат Маханов.

Қазір кітапхана мен еңбек кабинеті де негізгі мектепке көшірілуге дайындалып жатыр. Себебі олар да әлгі спортзал ғимаратының ішінде болған. Кітап пен еңбек сыныбына арналған орын жасақталғанымен, дене тәрбиесін өткізетін зал мәселесі шешімін таппай тұр.

– Осы уақытқа дейін күн жылы болып, сабақты далада өткізгенбіз. Көбіне жеңіл атлетика, футболдан дайындық болды. Олардың көбінен біздің оқушылар жүлделі орын алып жүрген. Енді әзірге басқа мектептермен келісіп, спортзалын уақытша аламыз ба, басқа спорттық секциялар ашамыз ба, тек сондай ғана жолы бар, – дейді дене тәрбиесі мұғалімі Валентина Ченцова.

Тоғыз жылдық мектепте қазір үш жүзге жуық бала тәлім алады. Аралас мектепте соңғы рет жөндеу жұмыстары қашан болғаны көптің есінде жоқ. Бұл жайт ата-аналарды да уайымдатып отыр. Әзірге спортзал тұрған ғимаратты сот 3 айға жапқан. Осы уақытта мектеп әкімшілігі негізгі мектептегі модульдік пештен залға дейін жылу құбырын тартып үлгеруі тиіс.

– Бүгінгі күнде екінші қосымша мектепте жылыту жұмыстарын жасау үшін техникалық зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Техникалық мәселе шешілген соң, бізде қаржы мәселесі де шешіледі. Содан кейін жұмыс басталады. Шамамен 6 млн теңге қаражат керек, – дейді мектеп директоры Гүлдана Тәуекелова.

Айта кету керек, Қарағанды қаласында шамамен 280 білім нысаны бар. ТЖ мамандарының тексеруінен кейін оның жетеуінде қауіпсіздікке сәйкес келмейтін тұстар анықталған. Оның алтауы олқылықтарды тиісті уақытта жөндеп үлгерсе, №44 мектептегі спортзал жайы күрделі болып отыр. Сондықтан нысан жұмысын уақытша тоқтатудан өзге амал қалмаған.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»