Қауіпті мамандықтардың бірі

Ең қауіпті мамандықтардың бірі –  өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін.

19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында біз осы саладағы жас маманды сөзге тартқан едік. Бұл салаға жиырма жасар жас жігіт қалай келді, оның бұл қауіпті мамандықты таңдауына не әсер етті?

Қарағанды облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» РММ №10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Асланбек Тұрсын бұл мамандықты таңдауға әкесі әсер еткенін айтады.

– Әкем осы салада жұмыс істегендіктен, мен де бала кезімнен осы салаға қызықтым, әке жолын қуғым келді. Сол себепті, өзім қызығып осы жұмысқа келдім. Қарағанды жоғары техникалық колледжін «Төтенше жағдайлардағы қорғаныс» мамандығы бойынша бітірдім. Қаламыздағы №10 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа келгеніме бір жыл болды. Осы бөлімдегі әзірге ең жас маман менмін, жасым жиырмада. Біздің бөлім шақыртуларға ең көп шығатын бөлімдердің бірі, бізде тәулігіне он шақты шақыртулар болады. Әрине, түрлі оқиға орындарына барамыз, жұмысымыз оңай емес, дегенмен, дәл осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді Асланбек.

Үй, қойма, зауыт т.с.с. үлкен ғимараттар мен орманды алқаптар өртене бастаса көптеген көліктер, сонымен қоса өзге де қауіпсіздік техникалары жөнелтіледі. Кей жағдайларда тікұшақтың да көмегіне жүгінетін кездер болады. Еске сала кетейік, жақында ғана Қарқаралы ауданында ірі дала өрті болды.

Қызыл жалынның беті қашан қайтатынын ешкім білмейді. Кейбір лаулаған отпен арпалыс, бірталай күнге созылады. Осы уақытта шарпыған оттың арасында қалып қойған жандарды құтқару үшін өрт сөндірушілер лаулаған жалынның ортасына кіруге тура келеді.

Жылжымалы сатыға көтерілуді, газқағарды қолдануды, қалың түтінде қозғалуды, жүгіруді, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрену керек, бірақ ең қиын нәрсе – ол әр сәтте біреудің өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын болу. Нағыз өрт сөндіруші шаршаудың не екенін, «мүмкін емес» деген сөзді білмейді. Кез-келген уақытта, кез-келген ауа-райында, ыстықта және қатты аязда, кез-келген жағдайда көңіл-күйіне қарамастан ол отқа да, суға да тәуекел етуге дайын. Көбінесе өрт сөндірушілер қайғылы оқиға орнына бірінші болып жетіп, адамдарға барынша көмектесуге тырысады.

Біздің оңай емес мамандығымызда бастысы физикалық және психологиялық тұрғыда дайын болу, дейді жас маман. Асланбек құтқарушылар тек қана спортпен айналысып қана қоймай, психологтармен де жұмыс жасап тұратындарын айтып, алғашқы жұмыс күнін есіне түсірді.

– Құтқарушы мамандығында бастысы өзің мықты болу керексің, түрлі оқиғалар мен жағдайлар болады, оқиға орнына барған кезде мүрделерді көресің, бұл әрине оңай емес. Соған дайын болған жөн, мұндай сәттерде жаныңдағы әріптестеріңнің қолдау маңызды рөл атқарады. Мен алғашқы шақыртуға барғанда екі адамның мүдесін көрдім, ол былтыр күзде болған оқиға, пойыз жеңіл көлікпен соғысып қалған болатын. Сол кезде өзімді ұстай алдым, әрі жанымдағы тәжірибелі мамандар маған қолдау көрсетті. Осы жақында ғана болған соңғы ауысымда біз қаламыздағы Молоков көшесіндегі пәтерге бардық, ол жерде көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтер отқа оранған. Біз төрт құтқарушы үш ересеке және екі баланы өрттен аман алып шықтық. Осындай сәттерде құтқарушылар өз өмірлерін қатергі тігіп, басқа адамдарды құтқарып жатады. Сондықтан осы саланы таңдаған жастар осындай жағдайларға дайын болуы керек. Бастысы физикалық және психологиялық жағынан төзімді адамдар болу керек құтқарушылар, – деп атап өтті қаламыздағы № 10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Асланбек Тұрсын.

Сөз соңында кейіпкеріміз барша әріптестерін алда келе жатқан кәсіби мерекелері – Құтқарушылар күнімен құттықтап, барлығына амандық тіледі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»