Қауіпсіздікке тәрбиелейтін дода

Қарағанды қаласының Орталық саябағында ерекше маңызы бар шара – «Жас құтқарушы» атты қалалық олимпиада өтті. Шараны Қарағанды қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы ұйымдастырып, қалалық әкімдік пен жастар ресурстық орталығы қолдау көрсетті.

Аталмыш жарыс жыл сайын өткізіліп, оқушылардың төтенше жағдайларда өзін-өзі ұстау, алғашқы көмек көрсету және құтқару әрекеттерін меңгеруін көздейді.

– Бұл жарыс жыл сайын жалпы білім беретін мектептер арасында өтеді. Мақсат — құтқарушы мамандығын насихаттау, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге баулу және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Жеңімпаздар облыстық кезеңге жолдама алады, – дейді Қарағанды қаласы ТЖ басқармасының бас маманы Мерей Оспанов.

Сайыс барысында оқушылар түрлі тапсырмаларды орындады. Олардың қатарында апаттық-құтқару жұмыстары, су айдынында адам құтқару, өрт сөндіру жабдықтарын жылдам орналастыру, алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарын қолдану да бар. Сонымен қатар қатысушылар қауіпсіздік тақырыбындағы викторинада білімдерін сынады.

Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы Ислам Қайыржан жарысқа үлкен дайындықпен келгенін айтты:

– Осы жарыс арқылы мектебімнің абыройын көтеріп, «Жас құтқарушы» атағын алғым келеді. Командам да жақсы дайындалған. Құтқарушы болу – жай ғана адам құтқару емес, әрдайым кез келген жағдайға дайын болу деген сөз.

Олимпиада жасөспірімдерге тек практикалық дағдыларды үйретіп қана қоймай, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, жауапкершілік сезімін оятуға бағытталған. Бұл – болашақта кез келген жағдайға дайын, қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеудің бір жолы.

Нұрбота Рысқұл, Бекжан Есбол,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Зерттеу

Университетінің 3-курс студенттері