Қауіпсіздікке баулитын жаңа сынып

 Қарағандыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте оқушылар енді тек негізгі пәндерді ғана емес, төтенше жағдайда қажет болатын өмірлік дағдыларды да меңгере алады. Жаңа сыныпта өрт сөндірушілер, сүңгуірлер мен кинолог мамандар сабақ өткізіп, балаларға өзінің және өзгелердің өмірін сақтаудың жолдарын тәжірибе арқылы үйретеді.

Сырт көзге қарапайым көрінетін 319-кабинет қазір жас құтқарушылардың шағын қоймасына айналған. Мұнда арқан, каска, өрт сөндіру құралдары, тіпті сүңгуір киімі де бар. Барлық жабдық қауіпсіздік сабақтарында көрнекі құрал ретінде қолданылады. Сабақ барысында оқушылар төтенше жағдайдағы нақты әрекет ету алгоритмдерін үйренеді.

—  Жас кезінен балалардың қызығушылығын дамыту, өмірге бейімдеу өте маңызды. Құтқарушы болмаса да, кез келген адам түрлі техногендік не табиғи апат кезінде өзін және айналасын қорғай білуі керек. Сондықтан мұндай сыныптың ашылуы ерекше мәнге ие, — деді қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Арнайы бағдарлама аясында оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар да беріледі. Өрт сөндіруші не сүңгуір болуды армандайтын, көшбасшылық қабілеті бар жасөспірімдер өзін сынап көруге мүмкіндік алады. Солардың бірі — Әли Амандық.

— Менің басты арманым — өскенде құтқарушы болу. Адамдардың өмірін сақтап қалу ең үлкен парызым деп білемін, — дейді Б.Момышұлы атындағы ЖББМ оқушысы.

Жоба авторларының айтуынша, жас құтқарушыларды оқытудың басты мақсаты тек төтенше жағдайда әрекет ету емес, сондай-ақ оның алдын алуды үйрету. Мұндай дайындықтан өткен балалар қатарластарына үлгі болады деп сенеді.

— Бұл бастама Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған “30 игі іс” бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Алдағы уақытта құтқарушылар балаларға сабақ өткізіп, практикалық жаттығулар жасатады, — деді Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Думаш Дәлешов.

Осылайша, министрліктің 30 жылдығына орай қолға алынған “30 игі іс” аясындағы жаңа сынып төтенше жағдайлар қызметі мен білім басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесі болды.