Қауіпсіздік сабақтары
Жасөспірімдер арасындағы буллингімен күрес мақсатында жаңа оқу жылынан бастап мектептерде арнайы бағдарламамен қауіпсіздік сабақтары оқытылады. Бұл туралы Президент қабылдауында болған бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді:
– «111» сенім телефонының қосылуымен айналыстық. 10 айдың ішінде 13 мың өтінішпен жұмыс істедік. Сондай-ақ Мемлекет басшысына ауылда тұратын балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту және жетім балалардың үй мәселесіне қатысты ұсыныстарымды жеткіздім.
Жаңа заң аясында «111» бірыңғай байланыс жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ мектептерде буллингімен күресу үшін «КiVa» бағдарламасы және биыл қыркүйек айынан бастап оқушыларға қауіпсіздік сабақтары енгізіледі. Балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері үшін арнайы оқу курсы басталады.
Қорғаншылық және қамқоршылық органдарын күшейту мәселесі пысықталып жатыр. Бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен серіктестік негізде 6 аутизм орталығы мен 11 өңірлік оңалту орталығы ашылды.
Ал Президент балалар мен жасөспірімдер арасында суицидке итермелейтін жағдайлардың белең алуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілгенін және балаларға қатысты зорлықтың кез келген түріне жаза қатаңдатылғанын атап өтті. Заңға бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен азаматтық қоғам секторы бірлесе ұсынған нормалар топтамасы енді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің есебін тыңдаған Президент құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру және оқушылар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау маңызды екенін тапсырды.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмасына орай «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленгенін еске салды. Аталған бағдарлама өскелең ұрпақтың бойына адами қасиет пен ұлттық құндылықтарды сіңіріп, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауды, өз бетінше әрекет ету және креативті ойлау дағдыларын дамытуды көздейді. Динара Зәкиеваға осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін педагогтер мен ата-аналардың арасындағы жұмысты үйлестіру міндеті жүктелді.
Кездесу барысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй бөлу, сондай-ақ ауылдық жерлерде жеткіншектерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев балалар травматизмі мен оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»