Қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп

Тәртіп сақшылары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында күнделікті жұмысын күшейтуде. «Учаске» жедел-профилактикалық шарасы аясында учаскелік полиция инспекторлары жеке карточкаларын таратып, күмәнді пәтерлерді, аулаларды, сондай-ақ дүкендерді аралады. Тұрғындармен сөйлесіп, құқық қорғау органдарымен байланысудың маңыздылығын түсіндірді. Бұл іс-шара қоғамның қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Тәртіп пен қауіпсіздік – басты назарда. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды қаласының Октябрь ауданында «Учаске» жедел-профилактикалық шарасы өтті. Бұл шара әсіресе демалыс күндері құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Тәртіп сақшылары 48 шағым түскен мекенжайларды тексеріп, профилактикалық әңгімелер жүргізді. Олардың қатарында 51 жастағы есепте тұрған азамат бар. Полицейлер оның қайталама құқық бұзушылыққа жол бермеу керектігін ескертті. Майқұдықта тұратын 60 жастағы ер адамға қатысты шаралар қабылданды. Оның үйінде алкогольдік ішімдік ішіп отырғаны анықталған. Жергілікті инспектор ескертулер жасап, қонақты үйіне жеткізіп салды. Іс-шара барысында қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 8 адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды. Бұл шара олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалды.

– Полиция басқармасы бастығының нұсқауымен Октябрь полиция аумағында жергілікті іс-шара өткізіп отырмыз. Ол жергілікті іс-шараның негізгі мақсаты, полиция бөлімінде есебінде тұрған тұлғаларды, күмәнді пәтерлерді тексеру міндетіміз, – дейді Октябрь полиция бөлімі бастығының орынбасары Айдын Бакенов.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық материалдар таратты. 400-ден астам парақшалар тұрғындарға берілді. Бұл халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. «Учаске» жедел-профилактикалық шарасының нәтижесінде 62 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Мұндай жұмыстардың қажеттілігі мен маңыздылығы тағы бір рет дәлелденді.

– Полиция бөлімінің қарамағындағы азаматтарды тексеру кешкілік уақытта және отбасылық қарым қатынасты бұзатын, үйлерді назарға аламыз. Халықпен қазіргі таңда интернет алаяқтық жұмыстарды алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Патрульдік қызметті күшейттік, – деп қосты Айдын Бакенов.

Қоғамдық тәртіпті сақтау – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Осындай шаралар арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табады.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,                                     

«QH»