Қауіпсіздік – басты басымдық
Жылыту маусымы басталғалы бері өңірде бес бірдей қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкіндігі туды. Улы газды анықтайтын арнайы құрылғылар дер кезінде іске қосылып, әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың өмірін сақтап қалды. Бұл құрылғылар төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдіктің бірлескен жұмысы нәтижесінде орнатылған.
Облыстық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жылыту кезеңінде өрттің жиілеу себептері мен оны болдырмау жолдары туралы толық баяндалды. Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Құрмет Жұмекеновтің айтуынша, өрттің негізгі себептері – пештің ақауы, оны дұрыс пайдаланбау және электр сымдарының тұйықталуы.
«Тамыздың 15-нен бастап ведомство мамандары алдын алу шараларын қолға алды. Үйлерді аралап, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Қазіргі таңда «Өрт қауіпсіздігі» айлығы жарияланған», – деді Құрмет Жұмекенов.
Әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне өрт және газ анықтағыш құралдарын орнату жұмыстары жалғасуда. Биылдың өзінде 4 мыңнан астам құрылғы орнатылған, ал 2018 жылдан бері бұл көрсеткіш 11 мыңнан асып кеткен. Құрылғылар жергілікті бюджет есебінен және демеушілердің көмегімен сатып алынуда. Кей өңірде кәсіпкерлер көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға құрылғыларды тегін таратып береді.
«Бұрынғы оқиғалардың алдын алу үшін бастысы – қауіпсіздік ережелерін сақтау. Балаларды пеш маңында қараусыз қалдырмау, оларға от жағуға рұқсат бермеу, пешті шамадан тыс қыздырудан және жанғыш сұйықтықтарды қолданудан аулақ болу қажет. Сондай-ақ қатып қалған газ баллондарын пештің қасында жылытуға қатаң тыйым салынған», – деді Құрмет Жұмекенов.
Тұрғындардың қауіпсіздігіне бағытталған бұл шаралар жыл сайын жүздеген өмірді сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өрт және газ қауіпсіздігіне бей-жай қарамау – әр отбасының басты міндеті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

